|
02 Қыркүйек 2010, 09:30 Павлодар облысында туберкулезбен ауыру деңгейі төмендеп келеді ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Туберкулез ауруы бойынша жайсыздау Павлодар облысының Лебяжі ауданында ағымдағы жылдың жеті айында Кох таяқшасын жұқтырудың небәрі төрт оқиғасы анықталды. Екі оқиға - пациенттер өздері келгенде анықталса, тағы екі факті - жылжымалы флюорографиялық қызмет жүргізген профилактикалық тексерудің барысында анықталған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде осындай 10 оқиға тіркелген болатын. Биылдыққа туберкулезден қайтыс болу оқиғалары тіркелмегенін де айта кету керек. Туберкулезбен ауыру деңгейінің төмендеуіне - алдын-алу шаралары мен атқарушы биліктің жіті назары негіз болып отыр. Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ағымдағы жылдың бес айында 39 туберкулез науқасқа материалдық көмек көрсетті, оның ішінде 16 науқасқа - ем-домды қолдау кезеңінде жалпы сомасы 252,2 мың теңгенің ақшалай көмегі көрсетілді. Алты айда 549 бала Манту реакциясына тексеріліп, жоспар 122 пайызға орындалды. Туберкулезге қарсы емдеу балалар шипажайына және Ақсу ауылындағы топқа сауықтыруға 50 бала жіберілді, тағы бес бала «Шалдай» шипажайында сауықтырудан өтті. Жылдың басынан бері облыс бойынша туберкулезбен ауыру деңгейінің 10,5 пайызға төмендегені байқалып отыр, деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасынан. Аймақта бұл инфекциялық аурудан қайтыс болу көрсеткіші де 18,8 пайызға төмендеген. Пiкiрлер (0)
|
|