
|
02 Қыркүйек 2010, 08:45 Қазақстандық тарап екі ресейлік мектептің дамуына 1 миллионға жуық АҚШ долларын салды - елші З.Тұрысбеков ![]() МӘСКЕУ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Қазақстандық тарап Кеңес Одағының Батырлары Бауыржан Момышұлы мен Әлия Молдағұлованың құрметіне аталған Ресейдің Зеленогорд және Мәскеу қалаларындағы екі мектептің дамуына 1 миллионға жуық АҚШ долларын салды . Бұл туралы Мәскеу облысының Зеленогорд қаласында Білім күніне арналған іс-шараларға қатысқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Зауытбек Тұрысбеков мәлім етті. Салтанатты жиналысқа сондай-ақ, жергілікті әкімшіліктің, мәскеулік үкіметтің басшылары, қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақстандық дипломаттар қатысты. Б.Момышұлы атындағы мектепте өткен салтанатты шарада сөз сөйлеген дипломатиялық миссия басшысы, оқушылар мен оқытушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында оларға жетістіктер тіледі. Елші сондай-ақ аталған мектептерді жаңартудағы көмегі үшін Мәскеу мэрі Юрий Лужковқа алғысын білдірді. «Қыркүйектің 1-інің қарсаңында Қазақстан Елшілігі мен Жамбыл және Ақтөбе облыстары бизнесмендерінің қолдауымен аталған екі мектепті заманауи оқу-техникалық жабдықтармен, оқу әдебиеттері мен қазақстандық авторлардың кітаптарымен және спорттық тренажерлармен жарақтау жөніндегі жұмыстар жүргізілді. Жалпы алғанда, біздің кәсіпкерлер екі мектепке 1 миллиондай АҚШ долларын салды», деп атап көрсетті З.Тұрысбеков өз сөзінде. Елші өз сөзінде атап көрсеткендей, мұндай ынтымақтастық біздің халықтарымыздың арасындағы шынайы достықтың үлгісі және ол ортақ тарихи және мәдени байланыстарды сақтауға көмектеседі, біртұтас гуманитарлық кеңістікті дамытуға қомақты үлес қосады. Мәскеулік өкіметтің өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар, сондай-ақ ардагерлер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының басшылығына, дипломатиялық корпусқа алғыстарын білдірді. Салтанатты шараға қатысушылар Б.Момышұлы мен Ә.Молдағұлованың мүсіндеріне гүл шоқтарын қойды, мектеп мұражайларымен танысты және оқу сыныптарын аралап көрді. Бұл мектептердің ресми тұсаукесер рәсімі ағымдағы жылдың қазан-қараша айларына жоспарланып отыр, ол шараға Қазақстанның жоғары басшылығы мен Мәскеу мэриясының өкілдері қатысады деп күтілуде. Пiкiрлер (0)
|
|