|
20 Наурыз 2010, 13:49 Солтүстік Қазақстанда Сәбит Мұқановтың 110 жылдық мерейтойына дайындық жүріп жатыр ПЕТРОПАВЛ.Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Ағымдағы жылдың сәуір айында қазақтың танымал жазушысы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәбит Мұқановтың 110 жылдығы атап өтіледі. Жазушының туған жерінде, Солтүстік Қазақстан облысында осынау мерейтойға қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл дайындыққа С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітахананың қызметкерлері де белсенді атсалысуда. Кітапхананың бөлім меңгерушісі Юлия Пискунованың айтуынша, кітапхана қызметкерлері «Сәбит Мұқанов және біздің өлке» деген атаумен библиография күнін, қазақ тілдерінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдерге арнап «Әдебиет сабағында С.Мұқановтың шығармашылығын зерттеу» күндерін өткізді. «Ғасыр ұлы: Мұқанов туралы естеліктер» ақпараттық-библиографиялық материалы әзірленді. Сондай-ақ «Үлкен тағдыр жазушысы: С.Мұқанов -110 жаста» библиографиялқ көрсеткішін жасау жұмысы аяқталып келеді. Наурыз айының басында облыстық кітапхана сайтында «Біздің Мұқанов викторинасы басталды. Оның жеңімпаздарын сыйлықтар күтіп тұр. Сәбит Мұқанов (1900-1973) - қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жер. Жазушының есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан туындылар - «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы, «Ботагөз» романы, «Өмір мектебі» трилогиясы, т.б. Жазушы драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзиясының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты. Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды. Жазушының қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрметті белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. Пiкiрлер (0)
|
|