|
20 Наурыз 2010, 13:32 Қазақстанның Кәсіпкерлер қауымдастығы Шымкентте бизнес-форум ұйымдастырды ШЫМКЕНТ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Қазақстанның Кәсіпкерлер қауымдастығы («КАЗКА») Шымкентте бизнес-форум өткізуде. Оған еліміздің 10 өңірінен 250 кәсіпкер қатысуда. «Кәсіпкерлерге өзара қарым-қатынас жасауға, жаңа бірлескен жобалар жасауға мүмкіндік беру үшін біз мұндай іс-шараларды тұрақты өткізіп тұрамыз», - дейді Қауымдастықтың басқарма кеңесінің төрағасы Жұмабек Жанықұлов. Бүгінгі форумда оңтүстік агрокешендерінің мүмкіндіктері солтүстіктен келген кәсіпкерлердің ықыласын аударды. «Оңтүстікте басқа облыстарда жетіспейтін көптеген жемістер мен көкөніс өнімдері өсіріледі. «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорциясы кәсіпкерлерге бірлескен жобаларды ұйымдастыруға көмектесуге әзір», - деді өз сөзінде Ж.Жанықұлов. Форумның тағы бір міндеті - кәсіпкерлерге мемлекеттің бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға жасап отырған мүмкіндіктері туралы әңгімелеу. «Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі аталмыш саланың үлесі әзірге тым аз. Елбасы өз Жолдауында «Жол картасының» мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шағын және орта бизнестің үлесін арттыру туралы міндет қойды. Біз кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаудың болатынын жеткізгіміз келеді», деді Ж.Жанықұлов. Ұйымдастырушылар форумға облыстық әкімдіктің, кеден қызметі мен қаржылық құрылымдардың да өкілдерін шақырып отыр. Пiкiрлер (0)
|
|