
|
20 Наурыз 2010, 10:20 Балкан елдері Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдап отыр - К.Жигалов ![]() ВЕНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасының арнайы елшісі, Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигалов наурыздың 15-і мен 17-сі аралығында Албания, Черногория, Босния және Герцоговина елдеріне жұмыс сапарын жасады. Құрамына Айрықша тапсырмалар жөніндегі Елші Дулат Қуанышев, Қазақстанның Түркиядағы және Албаниядағы Елшісі Бағдад Әмреев, сондай-ақ Мажарстандағы және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдеріндегі қазақстандық дипломатиялық миссияның басшысы Рашид Ыбыраев кірген қазақстандық делегацияның «балкан» сапарының барысында ЕҚЫҰ-ның ролін күшейту және аймақ елдерінің Ұйыммен ынтымақтастығын дамыту мәселелері көтерілді. К.Жигалов мырза Венада ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында осы сапардың мақсаты, қазақстандық делегацияның негізгі міндеттері мен сапар қорытындысы туралы әңгімелеп берді. «ЕҚЫҰ-да қалыптасқан дәстүр бойынша, қазіргі төрағалық етуші тарап, әдетте Ұйымның барлық далалық миссияларын аралап шығады. Балкан сапары, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы -Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың ақпан айында Оңтүстік Кавказ елдерінен басталған қазақстандық төрағалықтың осы бағыттағы белсенді жұмысын жалғастырып отыр», деп атап көрсетті К.Жигалов өз сөзінде. Қазақстандық дипломат өз сөзінде атап көрсеткендей, делегация сапарының барысында алға қойылған барлық міндеттер табысты өтті - біздің дипломаттар үш күн бойы ЕҚЫҰ-ның дала миссияларының басшыларымен, Албания, Черногория, Босния және Герцоговина басшыларымен, жоғары лауазымды үкіметтік шененіктермен және парламентшілерімен ғана емес, сондай-ақ жергілікті оппозицияның, азаматтық қоғамдастықтардың және баспасөз құралдарының өкілдерімен кездесті. «ЕҚЫҰ миссиялары мен Балкан түбегіндегі елдердің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейі, сондай-ақ Албания, Черногория, Босния және Герцоговина басшылығының Ұйымның аймақтағы жұмысының маңыздылығын түсінуі бізді қуантып тастады», дейді К.Жигалов. Сыртқы істер министрінің орынбасары өз сөзінде сондай-ақ аталған үш елдің өкілдерінің біздің еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығындағы қызметін жоғары бағалап отырғанын және 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдап отырғанын атап өтті. Пiкiрлер (0)
|
|