КАЗ
РУС
QAZ
ENG
قازاقشا
10.23.2012  
«Үшарал - Достық» автожолында көлік қатынасы шектелді - көлік және коммуникация министрлігі Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жобаға 5 млн. доллар бөліп отыр Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылады И.Тасмағамбетов: Астана мектептерінде оқушылардың электрондық куәліктері енгізіледі Қазақстан ТМД мен Қытай нарығына жол ашатын қақпаға айналды - Мемлекет басшысы Астанада лаңкестікке байланысты алаңдауға ешбір негіз жоқ - И. Тасмағамбетов Кентаудағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 
19 Наурыз 2010, 16:00
Тиісті адамдардың жауапсыздығынан болған Қызылағаштағыдай қырғын ендігәрі қайталанбауы тиіс
 АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Осы дүйсенбіде  Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың қаулысымен Алматы  облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш ауылындағы су тасқынының салдарын   жою үшін  Үкімет  резервінен   599 миллион 838 мың теңге  қаржы бөлінді. Оның 499 миллион 838 мың теңгесі  «Қызылағаш» су қоймасы  бөгетінің  бұзылуы

салдарынан зардап шеккен   Қызылағаш және  Егінсу   ауылдарының тұрғындарына материалдық көмек көрсетуге  және    сумен жабдықтауды   қалпына келтіруге,     тұрғын үйлерді  жөндеуге, қалған  100 миллион теңге жаңа тұрғын үйлердің  құрылыстарына  жұмсалады. Апат айтып келмейді. Адамзат баласы зілзала, топан су сияқты табиғат апаттарына қарсы тұруға қауқарсыз. Бетін аулақ қылсын, алайда бұндай апаттар болған жағдайда пешенеге жазылғаннан қашып құтыла алмайсың. Бірақ Қызылағаштағы қырғынды табиғат апатына жатқызу әбестік болар. Қазіргі деректер бойынша су тасқынының кесірінен 40 адам (11 еркек, 17 әйел, 12 бала) қаза тапты, 465 үйдің 146-сын су шайып, 251-і жарамсыз болып қалды. Былайша айтқанда, адам қолымен реттелетін су қоймасының арнасынан асып, дүлей алапатқа ұласқаны сайып келгенде адамдардың, онда да жауапты тұлғалардың салғырттығынан болған оқиға. Демек, ай-күннің аманында талай адамның өмірін қиып, талай отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, ойрандаған бұл оқиғаға жол берген адамдар тиісті жазасын алуы тиіс. Осы оқиғаға байланысты наурыздың 13-і күні жұмыс бабында кеңес өткізген Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына тыңғылықты тексеріс жүргізіп, егер апат жауапты адамдардың өз жұмысына немқұрайды қарағанынан болса және объектіні сақтау жөнінде профилактикалық қажетті жұмыстардың жүргізілмендігі анықталса, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы тапсырма берген болатын. «Табиғат апатына ешкім қарсы тұра алмайды, алайда бөгетті қарамай, ауыл әкімдерінің қауіпті халыққа ескертпей, халықты басқа жерге көшіруге қарекет жасамағанын қылмыстық іс деп санау керек. Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті орындамай отыр», деп атап көрсеткен болатын кеңесте Президент.

Содан кейін іле-шала, осы дүйсенбіде Алматы облысының    прокуратурасы Ақсу  ауданының Қызылағаш  ауылында   адам   өліміне   әкелген  төтенше оқиға  бойынша қылмыстық  іс   қозғады. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің   315-ші     (қызметтегі әрекетсіздік)   және   316-шы баптары   (салғырттық)   бойынша   қозғалып отыр. Жүргізілген  арнайы  шаралардың барысында Қызылағаш селолық  округінің   әкімі Е. Жүнісов,    Алматы облысы  бойынша Төтенше жағдайлар  департаменті бастығының  орынбасары Е. Енин,   Ақсу ауданы  төтенше жағдайлар   бөлімінің бастығы  Қ. Байзақов,   «Шынар» ЖШС-інің (айтпақшы су қоймасы осы серіктестіктің меншігінде екен) директоры және    құрылтайшысы К. Бекеев,     суды пайдаланушылардың арнайы өндірістік   кооперативінің атқарушы директоры   М. Жүнісов        уақытша    оқшаулау абақтысына   жабылды. Ал сәрсенбі күнгі брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов осы уақытта аталмыш азаматтардың ісі бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің тергеу жедел-тобы өзге де бірқатар мемлекеттік орган өкілдерінің жауапкершілік мәселелерін қарастыруда. Олардың арасында Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің аймақтық басқармасының өкілдері де бар.

Ал кеше Астанада журналистерге берген сұхбатында Бас прокурор Қайрат Мәми Бас прокуратура Алматы облысында су тасқынның болуына нақты кінәлі тұлғаларды толық анықтау үшін сараптама қорытындысын күтіп отырғанын айтты. «Әзірге оқиғаның шығу себептері анықталу үстінде. Ол үшін бөгет сенімді бекітілді ме, шлюздер болды ма және сол сәтте олар жұмыс істеп тұрды ма деген сауалдарға жауап беретін сараптама қажет. Күдіктілердің саны ұлғайтыла ма, әлде азайтыла ма деген мәселенің түйіні осыған байланысты. Осы сараптаманың қорытындысы бұған жауап береді», - дейді Қ. Мәми.

ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков республикамыздың басқа өңірлерде Қызылағаш ауылындағы секілді төтенше жағдайларды болдырмау үшін Бас прокуратура республиканың барлық облыстарындағы су қоймаларының қорғаныш құрылғыларының жәй-күйіне тексеру тағайындағанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, тексеру барысында су қоймаларының жеке иелікке беру заңдылығына, меншік иелерінің қорғаныш құрылғыларын тұрғындардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын жағдайда ұстап тұру жөніндегі міндеттерін орындау жағдайына айрықша назар аударылатын болады. Тексеру қорытындылары қосымша хабарланады.

Қалай десек те, Қызылағаштағы қырғын Қазақстан Үкіметі үшін ащы да болса үлкен сабақ болды. Бұл бағыттағы келешектегі басты міндет - ендігәрі бұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу. Ол үшін Елбасы атап көрсеткеніндей, жеке меншіктің басқаруындағы су қоймаларын мемлекетке қайтарып, олардың қауіпсіз әрі сенімділігін қамтамасыз ету қажет. Атқарушы билік бұл бағыттағы жұмысты қолға ала бастағандай. Осы аптадағы Үкімет отырысында Премьер-Министр тиісті ммелекеттік органдарға Қазақстан аумағындағы әрбір су қоймасының жанында бақылау орындарын қоюды тапсырды. Ал ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин Алматы облысындағы су тасқынынан қираған тұрғын үйлерді қайта жөндеу және жаңаларының құрылыстарын салу жұмыстары биыл жазда толығымен аяқталатынына сендірді.

Бюджет қабылданды

Осы аптада Парламент «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заңды қабылдады. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау үшін Үкімет нақтылап, Парламент қабылдаған бұл құжаттың негізгі мақсаты - халықтың әл-ауқатын одан әрі көтермелеу, дағдарыстан кейінгі кезеңде экономиканың екпінді дамуына серпін беру.

Қабылданған заң бойынша, республикалық бюджет шығыстарының көлемі - 272 млрд. теңгеге ұлғайтылып, 4 трлн. 182,0 млрд. теңгені құрап отыр. Ал қазынаға түсетін түсімдердің көлемі - 189,4 млрд. теңгеге ұлғайтылып, 3 трлн.  378,4 млрд. теңге жетті. Бюджет тапшылығы бекітілген көрсеткішке қарағанда - 82,6 млрд. теңгеге өсіп, 803,6 млрд. теңгені құрайтын болады. Бұл жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайызына тең. Қабылданған бюджет бойынша,  еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына біршама түзетулер енгізілді. Түзетулерге қарап, экономикада биылдан бастап оң өзгерістердің қалыптаса бастайтынын байқаймыз. Мәселен, жыл басында Қазақстандағы ІЖӨ-нің өсімі 1,5-2 пайыз деңгейінде болжанған еді. Ал қабылданған бюджет бойынша 2010 жылы ел экономикасының өсімі 2 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Осы арада бұған 2010 жылдың алғашқы екі айында Қазақстандағы ІЖӨ-нің өсімі Үкіметтің алдын ала күткенінен жоғары болғаны себеп болғанын айта кеткен жөн.  Депутатар түгелдей құптаған құжатта ағымдағы жылғы инфляция деңгейі 6-8 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Әлемдік тауар нарығындағы оң баға серпінін ескере отырып, мұнайдың әлемдік бағасының болжамы биылғы бюджетте бір баррелі үшін 50 АҚШ долларынан 65 АҚШ долларына дейін ұлғайтылған.

Жалпы, қабылданған бюджет бойынша шығыстар жеті басым бағыт бойынша жұмсалады. Ол салалардың қай-қайсысы болмасын дағдарыстан кейін дамуға бет бұрған Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі маңызды мәселелерді қамтиды. Бұның өзектілігін және маңыздылығын жіті түсінген депутаттар мен Үкімет мүшелері қайбір елдердегідей көбінесе саяси ұпай жинау мақсатында жаға жыртысып, қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып жатпай, аз-кем талқылаудан кейін аз уақыттың ішінде бюджеттің бас-аяғын бүтіндеді. Енді Парламент қабылдаған Заң  қол қою үшін Мемлекет басшысына жіберілді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталды

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға ресми сапар жасады. Оның барысында әріптесі Ислам Каримовпен келіссөздер жүргізді. Келіссөздерде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-өзбек қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу кезінде екі елдің көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың өзара қолайлы тетіктерін тездетіп әзірлеуге өзара мүдделі екендіктерін білдірді. Баспасөз мәслихатында Н. Назарбаев сапар барысында жүргізілген келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалайтынын атап көрсетті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Н. Назарбаев пен И. Каримов Бірлескен мәлімдемеге қолдарын қойды. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасында Қазақстанның Өзбекстандағы және Өзбекстанның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктерінің ғимараттарын салу үшін өзара жер учаскелерін бөлу туралы келісімге, екі елдің  Сыртқы істер министрліктері  арасындағы 2010-2011 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаға, Қазақстанның Мәдениет министрлігі мен Өзбекстанның Мәдениет және спорт істері министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы 2010-2012 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаға  қол қойылды. Мемлекет басшылары қабылдаған бірлескен мәлімдемеде Президенттер болып өткен жемісті келіссөздер, сондай-ақ сапар барысында қол қойылған екі жақты құжаттар тату көршілік және өзара пайдалы негізде  Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдіретіндерін атап өткен. Сапар аяқталғасын екі жақтың да сарапшылары мен мамандары келіссөздердің табысты өткенін айтып жатты. Сапардың шынында да табысты болғанын мынадан аңғаруға болады. Бейсенбі күні Сенатта бюджеттің қабылдануы кезінде Премьер-Министр К. Мәсімов Үкімет Өзбекстанмен шекарада еркін экономикалық аймақ құру туралы мәселені қарастыратынын айтып қалды. «Кеше Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен кездескен болатын. Соның қорытындысы бойынша маған Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасының маңынан Қорғасқа ұқсас  еркін экономикалық аймақ құру туралы мәселені қарастыру жөнінде тапсырма келіп түсті», деді ол. Еркін экономикалық аймақтың негізгі мақсаты - мемлекеттер арасындағы өзара сауда айналымының көлемін ұлғайту болып табылады. Ташкентте Н. Назарбаев пен И. Каримов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға айрықша назар аударған болатын. Демек, сапардың қорытындысына және берілген тапсырмаларға қарап дағдарыстан кейінгі кезеңде қазақ-өзбек қарым-қатынасындағы жаңа дәуірдің басталғанын бағамдауға болатындай.



Пiкiрлер (0)
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз::*

Код тізім есебімен енгізіледі

 






© 2012 «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ
«ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.