|
19 Наурыз 2010, 13:46 Су тасқынынан зардап шеккен Ақсу ауданының оқушылары басқа елді мекендер мен Талдықорған қаласына орналастырылды - Білім және ғылым министрлігі АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгінгі күні Алматы облысында су тасқынынан зардап шеккен Қызылағаш, Ақтоған, Көлтабан және Егінсу ауылдарындағы мектеп жасындағы 575 баланың 5-уі қаза тапты, 18-і ауруханада жатса, 14-іне іздеу салынды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Орта білім департаментінің директоры Нұрғали Аршабеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Н.Аршабеков атап көрсеткендей, аталмыш елді мекендердегі мектептер жарамсыз болып қалуына байланысты оқушылар Талдықорған қаласындағы тоғыз мектепке, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Көксу, Панфилов, Сарқан, Текелі және Қапшағай аудандарындағы орта білім мекемелеріне орналастырылды. Бүгінгі күні мектеп жасындағы 575 баланың 538-і оқуларын жалғастыруда. Олардың 18-і бүгінгі күні ауруханада жатыр, басқа аймақтарға туысқандарына кеткен 14-і - іздестірілуде, 5 бала - табиғаттың тосын мінезінің құрбаны болды. Облыстық білім басқармасының шешімімен, Ақсу ауданында үстіміздегі жылы мектепті аяқтайтын 47 түлек білімдерін Талдықорған қаласындағы №25-ші мектепте жалғастырады. Мектеп жасына дейінгі 17 бала «Айналайын» балалар үйіне уақытша орналастырылса, 60 оқушы Д.Рақышев атындағы мектеп-интернатына жатқызылды. Алдағы сәуір айынан бастап Ақсу ауданында мектептермен қатар мектеп жанындағы интернаттарды құру, балаларды тамақтандыру мәселесін шешу қарастырылуда. Сондай-ақ, сәуір айында су тасқынынан зардап шеккен 150 оқушы мен оларға еріп жүретін 5 мұғалімге республикалық бюджет есебінен «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдамалар берілмек. Департамент директорының айтуынша, барлық мектептер мемлекеттік бюджет есебінен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. Апатқа байланысты оқыту бағдарламасынан қалып қойған балаларға қосымша сабақтар өткізілмейді. Н.Аршабеков, алдағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден түлектер еш сүрінбей өтетініне сенімін білдірді. Тағы айта кетер жайт, табиғи апат салдарынан зардап шеккендер қорына Білім министрлігінің қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударады. Пiкiрлер (0)
|
|