|
19 Наурыз 2010, 12:57 Облыс басшысы белгілі әртіс әрі режиссер С.Қажымұратовты қабылдады ОРАЛ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов наурыздың 19-ында облыстық қазақ драма театрының әртісі әрі режиссері Сердеш Қажымұратовты 60 жасқа толуына орай қабылдап, сый-сияпат көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Қазталов ауданы Әжібай ауылында дүниеге келген Сердеш Қажымұратов Алматыдан өнер институтын бітіргеннен кейін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрында ұзақ жыл жұмыс жасады. 1986 жылы Сәкен Жүнісовтің «Өлара» шығармасы бойынша Лениннің сақшысы Жақайдың рөлі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанса, 1993 жылы қазақ театры өнеріне қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын иеленді. 1997 жылы елге оралған ол Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында рөлдерді сомдап қана қоймай, көптеген туындыларды сахналап үлгерді. Сонымен қатар көршілес Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрында екі бірдей спектакль қойды. Кезінде киноға түскен сахна шебері әнді де жақсы шырқайды. Бүгін кешкісін облыстық қазақ драма театрында С.Қажымұратовтың шығармашылық кеші өткізілмек. Онда театр майталманын батысқазақстандықтармен қатар қарағандылық, атыраулық, қызылордалық және ақтөбелік әріптестері де құттықтамақ. Пiкiрлер (0)
|
|