|
19 Наурыз 2010, 11:24 ШҚО Абай ауданында арнасынан асқан дамбы суынан зардап шеккен Қарауыл ауылынан тағы 130 адам көшірілді АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында арнасынан тасыған жасанды дамбы суынан зардап шеккен Қарауыл ауылынан тағы 130 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлады ҚР ТЖМ-нан. Бұған дейін хабарланғандай, наурыздың өткен 17-сі күні кешқұрым еріген қар мен жиналған судың мол болуынан Қарауыл ауылынан 500 метр қашықтықта орналасқан сазбалшықтан жасалған дамбы суы (дамбының ұзындығы 2,5 шақырым) арнасынан шығып, 60 үйді басқан болатын. Осы күні төтенше жағдай орнынан 200 адам көшірілді. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Наурыздың 18-і түнгі сағат 3-тегі жағдай бойынша апатты аймақтан тағы 130 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Құтқарушыларға көмекке Семей қаласынан қосымша 28 адам мен 7 техника жеткізілді. Барлығы табиғи апат салдарын жоюға 108 адам мен 20 техника жұмылдырылды. Пiкiрлер (0)
|
|