|
19 Наурыз 2010, 07:50 Қылмыстың алдын алуға қоғамдық ұйымдар да үлес қоса алады ОРАЛ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы биылғы Жолдауында құқықтық реформаны тереңдету міндетін алға қойған болатын. Осыған байланысты қылмыстың алдын алуға қоғамдық ұйымдар да үлес қоса алады. Бұл туралы БҚО-ның Қазталов ауданында атқарушы билік, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткізілген дөңгелек үстел отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасарлары Әзірхан Батырғалиев пен Сағат Ғаббасовтың атап өткеніндей, аудандағы қылмыстың денін мал ұрлығы құрайды. Өткен жылы мал ұрлығы 30 пайызға өскен. Бұл қылмысты ауыздықтау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы мал ұрлығымен айналысқан М.Ибраһимнің қылмыстық тобы құрықталды. Бөтеннің мүлкіне қол сұғуға тосқауыл қою мақсатында «Арқан» және «Пәтер» жедел алдын алу іс-шаралары да ұдайы жүргізіліп келеді. Ауданда сондай-ақ заңсыз киік аулау да орын алып отыр. Дөңгелек үстел отырысында аудан әкімі Есентай Қалиев, аудан прокуроры Руслан Сабиров, ішкі істер бөлімінің бастығы Бектас Бисенов, аудандық кеден бекетінің бастығы Сергей Тоқпанов қылмыспен күресу тек құқық қорғау саласының ісі деп қарамай, оған барлық қоғамдық ұйымдар атсалысуы қажет екендігін атап өтті. Пiкiрлер (0)
|
|