|
18 Наурыз 2010, 13:43 Елдің алғашқы индустрияландыру жобасы іске қосылды - Мемлекет басшысы ШЫМКЕНТ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Көксарай су тоспасының салтанатты ашылуына қатысты. «Менің тапсырмаммен осы қуатты орасан зор жобаны жүзеге асырған құрылысшыларға, гидротехниктерге алғыс айтқалы келдім. Бұл - елімізді индустрияландырудың алғашқы жобасы. Біздер су тоспасын неге салғанымызды білесіздер, жыл сайын Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысының бірнеше аудандарын су басып қалып жүр, адамдарды құтқарып, одан кейін халықтың үйлерін, мүлкін қалпына келтіруге қаншама шығынданып жүрміз. Сонымен қатар Қызылорда облысы құрғақшылық жылдары судың азабын тартып жүр. Осының бәрін алдағы уақытта болдырмау үшін Көксарай су тоспасы салынды. Қазір су мол уақытта оған 600 млн. текшеметр суды алып қалмасақ, еңістегі бірнеше ауданды, Қызылорда қаласын су басып қалар еді. Биыл судың көптігі тіпті орасан. Біздің құрылысшыарымыз бұл үлкен нысанды уақытында беріп үлгерді», - деді Елбасы Көксарайдың ашылуында. Көксарай су тоспасы Арыс ауданында салынған уақытша су қоймасы. Қыста құрылыстың бірінші кезеңі аяқталды, онда негізгі гидроқұрылыстар салынды. Көксарай Сырдариядан суды қабылдай бастады, көктемде мұнда 1 текше шақырымға дейін ылғал сақтауға болады. Су тоспасының негізгі міндеті - Шардара су қоймасынан келетін суды апатсыз өткзу - ол Шардарадан 160 шақырым жерде салынды, су тасқыны кезінде артық суды жинай алады. Соның нәтижесіде Оңтүстк Қазақстан мен Қызылорда облыстарының жағалаудағы елді мекендері су басу қаупінен қорғалатын болады. Бұдан басқа, елдің оңтүстік аймағында қосымша су көзі пайда болуы Сырдария алабы мен өзен сағасында экологиялық жағдайға оң әсер ететін болады. Қыста онда Сырдарияның қысқы ағын сулары жиналады. Құрғақшылық кезеңде бұл су ауыл шаруашылығы алқаптарын және Арал теңізін суғаруға жетеді. «Су көп болған уақытта оны іркіп, күріш алқаптарының қажетіне пайдаланамыз. Су көп жылдары айналадағы 130 мың гектар жерді суландыруға болады, онда көкөніс және жеміс өсіруге болады. Бұл өнімдер халыққа керек. Мен осы нысанды салуға қатысқандардың бәріне, құрылысшыларға, гидротехниктерге алғысымды білдіргім келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Суды жібергеннен кейін Көксарай алабында суармалы жайылым пайда болады. Бұдан басқа Арнасай ойпатына (Өзбекстан) кететін су ресурстарын қысқартуға, Шардарадан су жіберуді ұлғайтуға, сөйтіп, Шардара ГЭС-інің электр энергиясын өндіруін арттыруға мүмкіндік пайда болды. Көксарайды Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салу 2008 жылдың жазында басталды. Нысанның жалпы құны - 52 млрд. 346 млн. теңге, оған қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінуде. Құрылысқа тапсырыс берушінің өкілі - ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің директоры Тоқтарбек Баймолдаевтың айтуынша, барлық жұмыстарды жыл ішінде аяқтап шығу көзделуде. «Сонда 2012 жылдың қысында Көксарай су тоспасы жобалық көлемді, яғни 3 текше километр суды қабылдай алады», - деді ол. Пiкiрлер (0)
|
|