|
18 Наурыз 2010, 17:06 Шүлбі ГЭС-і жұмыс істеп тұр және жоспарлы режимде жұмыс істей береді - кәсіпорын директоры С.Полторанин СЕМЕЙ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Лина Славина/ - «Шүлбі гидро-электр стансысы жұмыс істеп тұр және жоспарлы режимде жұмыс істей береді», - деп хабарлады бүгін Семей әкімдігінде арнайы шақырылған баспасөз мәслихатында «AS Шүлбі ГЭС» серіктестігінің директоры Святослав Полторанин. «Температураның күрт көтерілуіне байланысты наурыздың 17-сінде қалада жұртты дүрліктірген алып-қашты әңгімелер өршіп кетті. Жағдайға түсінік беру үшін біз бүгін ГЭС-тің басшысын арнайы шақырып отырмыз», - деді журналистермен болған кездесуді ашқан ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айтқазы Салтабаев. БАҚ өкілдерінің алдында мәлімдеме жасаған С.Полторанин мырза, су-электр стансысында ақаулардың бар екендігі, сол кінәраттардың апатқа себеп болу ықтималдығы туралы әңгімелер мен үшін күтпеген жаңалық болды, деп мәлім етті. «Бұл әңгімелерге негіз жоқ, ГЭС Ертіс су инспекциясы және басқа да қабылдаушы органдар белгілеген режимде графикке сәйкес жұмыс істеп жатыр. Стансының гидротехникалық жағдайын тексерген комиссия, барлық агрегаттардың қалыпты жұмыс істеп тұрғаны туралы қорытынды берді. Облыс халқының алаңдауына ешқандай негіз жоқ», деп атап көрсетті ГЭС директоры өз сөзінде. С.Полторанин мырза сөз соңында, журналистерді жағдайдың қалыпты екеніне өз көздерін жеткізу үшін ГЭС-ке шақырды. Пiкiрлер (0)
|
|