|
18 Наурыз 2010, 14:14 Алматы және Қарағанды облыстарында теміржол қатынастары шектелді - Көлік және коммуникация министрлігі АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат - Алматы және Қарағанды облыстарында теміржол қатынастары шектеліп отыр, деп хабарлады Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен. Сарыөзек-Үштөбе-Матай учаскесі қалпына келтірілгенше, Алматы облысында №22/21 «Кызылорда - Семей», «№351 «Алматы - Защита», №31/32 «Павлодар - Алматы», № 301/302 «Алматы-2 - Новосібір», №13/14 «Алматы - Үрімші» бағыттарындағы жолаушылар пойыздарының қозғалыстары шектелді. Халықаралық қатынастағы № 326 «Алматы - Новосібір, №385 «Новосібір - Алматы-2», №386 «Бішкек - Новосібір» жолаушылар пойыздарының қозғалысы уақытша Шу және Мойынты стансалары арқылы өтуде. Теміржолдың бойында мол қызылсудың жиналып қалуы салдарынан бүгін түнде, сағат 03.-00-тен бастап Қарағанды облысында Көкдомбақ-Балқаш-1 учаскесіндегі пойыздардың қозғалысы тоқтатылған болатын. Оқиға орнында арнайы бригада түні бойы жұмыс істеді және таңғы сағат 6-дан бастап бұл учаскеде тек жолаушылар пойыздары үшін ғана қозғалыс ашылды. Ал сәрсенбі, наурыздың 17-сі күні сағат 20.53-терде «Сарышаған-Науалы» аралығында теміржол қозғалысы жабылды. Қызылсуды бұру жұмыстарынан кейін судың беті қайтты, бүгін таңертең сағат 9-да барлық бағыт бойынша қозғалыс қайта жанданды. 13 жолаушылар пойызы 30 минуттан 3 сағатқа дейін аралықта кешігіп келе жатыр. Пiкiрлер (0)
|
|