
|
18 Наурыз 2010, 13:26 Қарағанды облысының автотасымалдау кәсіпорындарына жабылу қаупі төніп тұр - А.Перуашев ![]() АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қарағанды облысының автотасымалдау кәсіпорындарына жабылу қаупі төніп тұр. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен дөңгелек үстелде «Атамекен» одағы" Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. А.Перушаевтың айтуынша, жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін (2008 жылдың қарашасы) бұрынғы Салық кодексі мен Бюджеттік кодекстерінің арасында әркелкі түсініктің болуы салдарынан, Қарағанды облысындағы автотасымалдау кәсіпорындарына олардың 2008 жылға дейін алған субсидиялары үшін, қосылған құн салығына, салықтық айыппұлдар мен өсімдерге қосымша есептеулер жасалған. «Қосымша есептеулер 30-дан 400 миллион теңгеге дейін соманы құрап отыр. Нәтижесінде аталмыш аймақтағы 5 кәсіпорынға жұмыстарын тоқтату қаупі төніп тұр. Кеше ғана Қарағанды облысындағы ірі автопарктердің бірінен хат алдым. Онда кәсіпорынның есепшоттары тұтқындалғаны және автопарк өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр екендігі жазылған. Ал бұл салада тек Қарағанды облысының өзінде 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді», - дейді ол. А.Перушевтің сөзіне қарағанда, жуырда салық төлеушіні барлық төлемдерді төлеуге міндеттейтін Жоғарғы соттың шешімі күшіне енді. Ал Экономикалық даму және сауда министрлігі салық төлеушілерге тек қайта соттасуды ғана ұсынып отырған көрінеді. «Сотқа қайта шағымданған жағдайда мемлекеттік баж салықтары кәсіпорынның мүмкіндіктерінен асып түсуі мүмкін. Оның үстіне, олардың есепшоттары тұтқындалған және олардың басшыларының үстінен қылмыстық істер қозғалды. Шынтуайтында, бұл мәселенің бәрі жаңа Салық кодексі қабылданғанға дейін Салық кодексі мен Бюджеттік кодекстердің арасындағы әркелкі түсініктің болуынан туындады», - деді Палата төрағасы. Өз кезегінде, ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми бұл жағдайдан хабардар екенін және кәсіпкерлерге мүмкіндігінше қолдау білдірілетінін жеткізді. Пiкiрлер (0)
|
|