
|
18 Наурыз 2010, 12:50 Үкімет алдағы уақытта негізгі төрт бағытты қамтитын бағдарламаларға баса мән береді - К. Мәсімов ![]() АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Үкімет алдағы уақытта, оның ішінде 2011-2013 жылдарға арналған бюджетті жобалау барысында негізгі төрт бағытты қамтитын бағдарламаларға баса назар аударатын болады. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысының айтуынша,алдағы уақытта жүзеге асатын негізгі төрт бағдарлама Елбасының тікелей бақылауында болады. Оның бірі Үкімет әзірлеген Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болса, бұдан бөлек алдағы айларда білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік тілді дамыту бағдарламалары әзірленетін болады. «Бүгінгі күні білім саласына қатысты бағдарламаны Білім және ғылым министрлігі, денсаулық сақтау саласына қатысты бағдарламаны Денсаулық сақтау министрлігі, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын Мәдениет министрлігі әзірлеуде. Бұл бағдарламалар бойынша алдағы уақытта да нақты талқылаулар жалғасып, комиссия отырыстары болады. Сондықтан да, депутаттар тарапынан ұсыныстар болса талқылауға әзірміз. Ал ондай ұсыныстар 2011-2013 жылдарға арналған бюджет жобасын әзірлеу барысында ескеріледі. Яғни, Үкімет алдағы уақытта индустрияландыру, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік тілді дамыту бағдарламаларына баса назар аударылады. Және Үкімет өз алдына маусым-шілде айына дейін осы бағдарламалардың барлығын қарап шығып, алдағы бюджет жобасында соларды қоса қамтуды жоспарлап отыр», деді К. Мәсімов. Пiкiрлер (0)
|
|