|
18 Наурыз 2010, 11:14 Құсмұрын колониясының бастығы мен оның орынбасары қамауға алынып, абақтыға жабылды ҚОСТАНАЙ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Петр Плахотников/ - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің тергеу басқармасы УК-161-4 түзету мекемесінің бастығы мен оның орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғады. Бұл лауазымды тұлғалар қамауға алынып, Қостанай Ішкі істер басқармасының уақытша оқшаулау абақтысына жабылды. Облыс прокурорының жазалардың атқарылуының және азаматтарды ақтаудың заңдылығын қағадалау жөніндегі көмекшісі Данияр Күзенбаевтың айтуынша, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 308-ші бабы 4-ші тармағы «в» тармақшасына қарастырылған қылмыстық құрамның белгілері бойынша (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) қозғалып отыр. Тергеу барысында анықталғандай, колония басшылары қамауда жақсы жағдай жасаймыз, деген сылтаумен сотталушы С., деген азаматқа ақшалай, тұрмыстық техника және ұялы телефон түрінде материалдық талаптар қойған. Талапты орындамаған жағдайда, жедел бөлім бастығының орынбасары сотталушыны «жағдайың қиындайды, айып абақтысына немесе карцерге немесе жеке камераға жабамыз» деп қорқытқан. 2010 жылғы наурыздың 28-і мен ақпанның 15-і аралығында әлгі С., деген азамат өзінің туысы арқылы колония бастығы мен оның орынбасарына үш импорттық теледидар, төрт үй кинотеатры кешені, екі ұялы телефон, компьютер мониторы сияқты тұрмыстық техникалар мен 160 мың теңге соманың ақшалай қаржысын берген. УК-161/4 мекемесінің әкімшілік ғимаратындағы қызмет кабинеттерін тексеру кезінде теледидар және екі кинотеатр табылды, сотталушының туысы берген т ұрмыстық техникалар колония бастығының орынбасарының үйінен де табылды. Пiкiрлер (0)
|
|