
|
17 Наурыз 2010, 19:37 «Нұр Отан» ХДП-ның қоғамдық кеңесі және тасымалдаушылар қауымдастықтары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша күштерін біріктіруде ![]() АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат. Кеше Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінде «Нұр Отан» ХДП жанында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес өкілдері мен тасымалдаушылар қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі жұмыс тобының отырысы өтті. Отырысқа министрліктің құрылымдық бөлімшелердің басшылары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Эйр Астана» авиакомпаниясы, тасымалдаушылар қауымдастықтары, «Нұр Отан» ХДП өкілдері қатысты, деп хабарлайды ККМ баспасөз қызметі. Отырыста министрліктің әкімшілік және кадр жұмысы департаментінің директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Жансүгіров Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы қағидаттарды іске асыру бойынша міндеттер туралы баяндама жасады. Б. Жансүгіров өз баяндамасында Елбасының Жолдауда айқындаған стратегиялық басымдылықтар барлық құрылымдардың қызметіндегі жаңа даму кезеңі болатындығын атап өтті. Президент белгілеген жаңа даму параметрлері «Нұр Отан» ХДП-ның барлық мүшелерінің іс-қимыл бағыты болады. Бұл жұмыстағы едәуір рөл көлік-коммуникация саласына тиесілі. Бұдан бұрын көліктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесі құрылған болатын, оның құрамына «Нұр Отан» ХДП мен тасымалдаушылар қауымдастығы өкілдері енгізілген. Сол сияқты, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті, «Нұр Отан» ХДП және Қазақстан тасымалдаушылары қауымдастықтары арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі 2006-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасының бұйрығымен 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына шектеу қоюға бағытталған ұйымдастырушылық және нақты шаралар Жоспары жасақталып, бекітілген. Жоспарға сәйкес жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен барлық өтініш-арыздары үнемі қатаң бақылауда ұсталуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Комитеттің ведомстволық кәсіпорындарында да жүргізіледі. Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі теміржол көлігінің вокзалдарында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады. Осыған орай, «Вокзал-сервис» АҚ-ның жұмыс топтары көліктегі полиция қызметкерлерімен бірлесіп, барлық ірі вокзалдарда жол құжаттарын қайта сату фактілерін айқындау бойынша шаралар жүргізді. 2010 жылғы 5 ақпанда көлік-коммуникация кешені саласында ұсынылатын қызмет түрлерінің сапасын көтеру мақсатында Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 5 ақпандағы №63 бұйрығына сәйкес ұсынылатын қызметтер сапасын жақсарту жөнінде «Сапа-2010» атты шаралар жоспары бекітілген. Аталған шаралар көлік-коммуникация кешенінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін жасақтауға бағытталған. Тұрғындарға қызмет көрсетуді жақсарту жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы, көліктегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы Көлік және қатынас жолдары комитеті төрағасының орынбасары Айбат Қанғалиев, стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникация кешенін дамыту департаментінің директоры Олжас Сүтемгенов, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Нұрланбек Өмірбаев баяндама жасады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның өкілі Талғат Арабов қоғамның сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жою шараларының жоспары бекітілгендігін атап өтті. Жолсеріктер, билет кассирлері мен пойыз бақылаушыларын жұмысқа қабылдау кезінде квалификациялық іріктеу және конкурстар өткізіледі. Ынталандыру мақсатында жалақы көбейтіліп, формалық киім енгізілді. Тұрақты түрде тексерістер жүргізіледі. «Эйр Астана» АҚ вице-президенті Ербол Оспанов авиабилеттерді қайта сатуды болдырмау жөнінде авиакомпанияның жүргізіп жатқан шаралары туралы баяндады. Осы мақсатта билеттерді сатудың электрондық жүйесі енгізілген. Халықаралық авиатасымалдаушылар ассоциация (IAT) тарапынан тұрақты түрде тексерістер жүргізіледі. Қызметкерлердің біліктілігін мерзімінде көтеру жөнінде жүйелі шаралар мен тренингтер жүргізіледі. Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Николай Юдин рұқсат беру құжаттарын беруді барынша азайту қажеттілігіне назар аударып, әрбір рұқсаттама беру сыбайлас жемқорлық салдарына алып келуі мүмкіндігін атап өтті. Қалааралық автобустар тасымалдаушылары және автовокзалдар қауымдастығының төрағасы Виктор Когай қатысушылардың назарын ҚР «Автомобильмен тасымалдау туралы» Заңының мүгедектер құқықтарын қорғау бөліміне өзгертулер енгізу, сонымен қатар жолаушылар тасымалын жасауға конкурс өткізу ресімдері мен лицензияны беру мәселелеріне аударды. Кеме иелері мен теңіз индустрия кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы заң нормаларының әсері төте болуы қажет, сондықтан көптеген қосымша заңнамалық актілерді жасақтаудың қажеттілігі жоқ деп есептейді. «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитетінің өкілі Айгүл Мамбетова теміржол жолаушыларына қызмет көрсету аясындағы нақты кемшіліктерге сүйене отырып, қызмет көрсету қызметкерлерін мезгіл-мезгіл ротациялау туралы ұсыныс жасады. Кеңесті қорытындылай келе, Болат Жансүгіров айтылған ұсыныстарды жинақтап, нақты шаралар қолдану үшін тиісті органдардың қарауына енгізу туралы ұсыныс жасады. Пiкiрлер (0)
|
|