
|
17 Наурыз 2010, 19:12 Беларус пен Қазақстанның даму моделі көп жағдайда ұқсас - В.Гуминский ![]() АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - Беларус пен Қазақстанның даму моделі көп жағдайда ұқсас. БЕЛТА тілшісіне Беларус Парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Өкілдер палатасы тұрақты комиссиясының төрағасы Виктор Гуминский осындай пікірін жеткізді. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы бойынша бүгін Минскіде ТМД Атқарушы комитетінде өтіп жатқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысуда, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі. Виктор Гуминский Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында айтылған жоспарлар мен міндеттер көп жағдайда Беларус Президенті Александр Лукашевский алға қойып отырған міндеттермен ұштасатынын атап өтті. «Бұл түсінікті де, өйткені біздің елдеріміз бір жүйеден шықты. Біздің базаларымыз да, экономикалық, мәдени дәстүрлеріміз де, ғылыми байланыстарымыз да ортақ. Мұның бәрі біздің жолдарымыз ұқсас екенін көрсетеді», деді депутат. «Бір ғана айырмашылық - Қазақстанда бай шикізат қоры болғандықтан экономикалық мүмкіндіктері де көбірек», деп қосты ол. Ол Қазақстан басшылығы сияқты, Беларуста да шағын және орта бизнесті дамытуға күш салынып отырғанын айтты. Тағы бір ұқсас басымдық - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жаңа тұрғын үйлер салу. «Қазақстанда ипотекалық құрылыс жақсы дамып отыр. Осыған байланысты біздің Өкілдер палатасының бейіндік комиссиясы да бұл мәселе бойынша парламенттік тыңдау әзірледі, оған қазақстандық әріптестерімізді шақырып, тәжірибе алмаспақпыз», - деді депутат. Виктор Гуминский Қазақстанның тәжірибесін беларустік парламентшілер Тұрғын үй кодексін және Беларустағы ипотека туралы заңнамада пайдалануға болатынын айтты. Сұхбаттасушы сондай-ақ екі елдің парламенттері халықаралық саясат мәселелерінде өзара тығыз іс-қимыл жасап, бір-бірін қолдап отырғанын атап көрсетті. Атап айтқанда, беларус тарапы Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы кандидатурасына қолдау көрсетті. «Кеден одағын құру - бұл да біздің парламентшілер өз үлесін қосқан тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Біздің депутаттар кеден заңнамасын біріздендіру үшін 13 заң жобасын ратификациялады», - деп атап өтті Виктор Гуминский. Пiкiрлер (0)
|
|