|
17 Наурыз 2010, 17:18 Алдағы 3-5 жылдың ішінде Қазақстанның астық экспортын ұлғайту мақсаты қол жетімді - АҚШ Елшісі АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстан астық және ұн өндіруден әлемдегі көшбасшылардың бірі және бұл елдегі жұмыс орындарының көптеп ашылуына, экономикасының дамуына мүмкіндік береді. Бұл пікірді бүгін елордада «AgriTekAstana 2010» ауыл шаруашылығы техникалары көрмесінің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Ричард Хоугланд білдірді. «Президент Н.Назарбаев ел экономикасы дамуының басты секторларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап отыр. Ал АҚШ әлемдегі тиімді ауыл шаруашылығы техникаларын жасайды. Сонымен қатар екі елдің көптеген аймақтарында климаттық ұқсастық бар. Бұл ынтымақтастық үшін өте тиімді позиция», деді Елші өз сөзінде. Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық екі ел арасындағы қалыптасқан байланысты, стратегиялық әріптестікті одан әрі жандандыра түсетіндігін айтқан АҚШ елшісі «Қазақстанның алдағы 3-5 жылдың ішінде астық экспортын ұлғайту мақсаты, әрине, қол жетімді. Дегенмен, мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникалары, жаңа технологиялар қажет. Американдық құрал-жабдықтар және біздің ноу-хоу қазіргі заманғы технологиялар мұндай дамуға толығымен қолдау көрсете алады. Сонымен қатар Қазақстанның лизинг бойынша ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарын қаржыландыру үкіметтік бағдарламасына орай қазақстандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін шетелдік жабдықтарды сатып алу тиімді болып отыр», деді. Пiкiрлер (0)
|
|