
|
17 Наурыз 2010, 16:53 Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Дипломмен ауылға» бастамасы нәтижесіз болып отыр - А. Смайыл ![]() АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Дипломмен ауылға» бастамасы нәтижесіз болып отыр, сондықтан да бұл жоба мемлекеттік бағдарламаға айналуы тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутаттың айтуынша, «Дипломмен ауылға» бастамасы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған маңызды шаралардың біріне айналуға тиіс болатын. Осы бастама дер кезінде заң арқылы да, қаржы жағынан да дәйектелген. 2009 жылы бұл бағытта 986 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылды. Ауылға барған жастар 90 мың теңге көлемінде біржолғы көтермеақы алатын болып, баспана үшін де несие қамтылған. «Бұл аз жеңілдік емес еді. Алайда дипломы бар жастар ауылға ағылған жоқ. Жоспар бойынша 2009 жылы ауылға 11 мыңнан астам жас маман баруға тиіс еді. Бастамаға үн қосқандар бар-жоғы 646 маман ғана. Бірқатар облыстарға, оның ішінде Қызылорда, Маңғыстау өңірлеріне бір де бір адам аяқ баспаған. Яғни, жақсы бастама тиісті нәтижесін берген жоқ», дейді А. Смайыл. Осыған орай, депутат нәтижесіз шараның басты себептерін де пайымдап өтті. Оның пікірінше, облыстар мен аудан, ауыл әкімдері жас мамандарды қабылдап орналастыруға, бастамада көрсетілген көмектерге дайын еместігін көрсеткен. Әрі бастамаға сәйкес өңірлерде жоспарлар да жасалмаған. Бірқатар өңірлерге бағдарлама бойынша бөлінген қаражат уақытылы жетпеген. Аудан мен ауыл әкімдерінің біразы бұндай жоба бар екендігін сол бойынша барған жас мамандардың аузынан естіген. «Бұдан бөлек, ауыл спорт пен мәдениет мамандарына зәру болғанымен, бұлар жұмыс істейтін орындардың әбден тозғандығынан келген жастар кері оралуға мәжбүр болды. Ал дәрігер болып бүгінге аудан орталықтарында ғана еңбек ете аласың», деді депутат. Осы ретте, А. Смайыл «Дипломмен ауылға» бастамасы үшін әр жылға арналған нақты жоспардың болу қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бастама тек ауыл мәдениетін ғана емес, тұтастай ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталғандықтан және ұзақ жылдарға арналғандықтан мемлекеттік бағдарламаға айналуы тиіс. «Себебі бүгінгі ауыл мұғалім мен дәрігерге ғана емес, басқа да мамандықтарға зәру. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Дипломмен ауылға» бастамасына сәйкес жаңа мамандықтарды белгілеуі қажет. Бұл Елбасы жолдауында атап өтілген ауылдағы еңбек өнімділігін үш есеге арттыруға игі ықпал етеді. Дәл осындай жоспарды Индустрия және жаңа технологиялар, Көлік және коммуникация министрліктері де жасай алар еді. Бұл министрліктердегі сала мамандарына ауылда да сұраныс бар. Сонымен бірге, мемлекеттік грантпен диплом алған жас мамандар арнайы жолдамамен ауылға екі немесе үш жылға барып қызмет ететін жаңа жүйе енгізілуі тиіс. Өйткені, мемлекет оларды оқытты, білім берді, ендеше сол мемлекеттің мүддесіне осынша уақыт жұмыс істеу олардың парызы. Түйіп айтқанда, аталған бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық өмірін осы заманға сай өркендетуге бағытталған кең көлемдегі мемлекеттік бағдарламамен толықтырылғанда ғана тиісті нәтижеге қол жеткізеді», деді депутат. Пiкiрлер (0)
|
|