|
17 Наурыз 2010, 14:08 «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалындағы дау-дамай бойынша «бітімгерлік» комиссия құрылды АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалында орын алған дау-дамай бойынша «бітімгерлік» комиссия құрылды, деп хабарлады сәрсенбі күні Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен. Кеше, наурыздың 16-сында, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының наразылық акциясына байланысты аймаққа келген «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдинмен кездесті. Әңгіме барысында жұмысшылар мен жұмыс берушінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу мәселелері талқыланды. Одан кейін Қ.Қабылдин Жаңаөзенде болып, рұқсат етілмеген наразылық акциясына қатысушылармен кездесті. «Наразылық акциясына қатысушылар кездесудің қорытындысы бойынша бітімгершілік комиссиясының жұмысына қатысу үшін өз өкілдерін ұсынатын болып келісті. Бұл комиссияның құрамына сондай-ақ, жұмыс беруші компанияның өкілдері және үшінші тұлға ретінде - жергілікті атқарушы өкімет пен құқық қорғау органдарының өкілдері, барлығы әр тараптан 12 адамнан кіретін болады», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен. Бұл кездесуде сондай-ақ, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының қытайлық инвесторларға сатылғаны туралы әңгіменің шын-өтірігі туралы мәселе, аумақтық коэффициенті заңдастыру мүмкіндігі, өндіріс басшылығына жергілікті мамандардың тағайындалуы және т.б. мәселелер сөз болды. «Осылайша, орын алып отырған дау-дамайды қолданыстағы заңнаманың аясында реттеудің негізі қаланып отыр», деп санайды облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілер. Пiкiрлер (0)
|
|