
|
15 Наурыз 2010, 13:59 Кеден одағы еуропалық инвестиция үшін де қосымша ынталандыру болуы тиіс ![]() АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Кеден одағы еуропалық инвестиция үшін де қосымша ынталандыру болуы тиіс. Бүгін «Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары» атты тақырыпта өткен ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жақында қолға алына бастаған Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға жалпы сомасы 10 млрд. долларды құрайтын 300-ден аса жоба енгізілді. Бұлардың барлығы мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге, Қазақстан, Ресей, Беларус арасында құрылған Кеден одағы еуропалық инвестиция үшін де қосымша ынталандыру болуы тиіс. Бұл одақ Еуропа инвестициясы үшін 170 млн.-ға жуық адам тұратын, жиынтық жалпы ішкі өнімі 2 трлн. долларды құрайтын нарыққа шығуға мүмкіндік береді», деді А. Судьин. Сонымен бірге, сенатор Қазақстанның көмірсутек қорлары мол 15 мемлекеттің қатарына кіретінін, 2025 жылға дейінгі кезеңде мұнай өндіру әлеуеті бойынша негізгі 5 өңірдің бірі болып саналатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО үшін жауапты әрі сенімді энергетикалық әріптес те бола алады. «Қазақстан Ресей мен Норвегиядан кейінгі Еуропаға энергия тасымалдаушы үшінші ірі мемлекет. Бүгінгі күні Қазақстанның Еуропаға экспорттайтын энергия ресурстары жылына 23 млрд. доллардан асып отыр», деді А. Судьин. Пiкiрлер (0)
|
|