|
15 Наурыз 2010, 13:28 Қазақстан Каспий жағалауы елдерінің барлығында итбалықтарды ерекше қорғайтын аймақтар құруға ықпал етпек АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан итбалықтарды қорғаудың аумағын қалыптастыру мен оның жүйесін және тиісті мерзімі мен қажетті қаржы көлемін нақтылайтын концептуалды құжат дайындауды көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Каспий жағалауы елдерінің сарапшыларының итбалықтарды қорғауға арналған ерекше аймақ құру жөніндегі кездесуінде қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Эльдана Сәдуақасова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, құжатта сонымен қатар итбалықтардың көбеюіне ықпал ететін шараларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылмақ. «Сондай-ақ онда Каспиймен шектесетін елдердің әрқайсысында ерекше қорғалатын аймақтар құру жағы қарастырылып отыр. Теңіздің қазақстандық бөлігі қазірдің өзінде ерекше қорғалатын аймақ болып есептеледі. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды осы уақытта-ақ жүзеге асырып жатырмыз деуге болады. Енді біз теңіз жағалауындағы 5 мемлекеттің барлығында да осындай аймақтар құрылса деген ниеттеміз», деді вице-министр. Пiкiрлер (0)
|
|