|
12 Наурыз 2010, 14:52 Алдағы онжылдықта білім мен біліктілікке салынатын инвестициялар бастапқы капиталға деген инвестициядан асып түседі - Білім және ғылым министрлігі АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Адам капиталы сапасына деген талаптар дағдарыстан кейінгі қолға алынатын басым бағыттардың бірі болып қалмақ. Ал алдағы 10 жылдықта жаһандық нарық адам ресурстарына деген бәсекелестікті арттырумен сипатталады. Сондай-ақ білім мен біліктілік мәселесіне салынатын инвестициялар бастапқы капиталға деген инвестициямен теңесіп қана қоймай, одан асып түседі. Өткенді зерделей келе, бұрын қолға алынған жобалардың барлығының әлсіз тұсы осы ресурстық қамтамасыз ету жұмыстарының кемшілігіне байланысты екендігіне көз жеткізуге болады», деді Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Фархат Қуанғанов. Бұл туралы ол бүгін Астанада «Қазақстандағы адам капиталын дамыту: мәселелер мен шешімдер» атты халықаралық конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның Жапония, Германия, АҚШ сияқты мемлекеттердің сарапшыларының деректеріне сүйене отырып жеткізген мәліметтеріне қарағанда, адам капиталына деген үлес бүгінде капиталдың жалпы мөлшерінің 80 пайызын құрайды. «Адам ресурстарын тиімді басқару мен осы бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекет пен бизнес арасында әріптестік орнауы қажет. Бүгінде елде кадрларды дайындау мен оларды жоспарлау жұмыстары индустрия мен бизнестің жаңадан қолға алынып отырған бастамаларының әлсіз тұсы болып қалып отыр. Осыған қарай қазір мемлекеттік үдетілген индустриялық даму бағдарламасы негізіндегі жобалардың сәтті жүзеге асуы үшін қаржылық қамтамасыз етумен қатар қай сала бойынша қанша мамандық қажет екендігін нақты анықтап алу қажет. Бізде әрбір инвестициялық жобаның қаншалықты мамандықты қажет ететіндігінің ең құрығанда жобасы болуы керек», деді Жауапты хатшы. Оның деректеріне қарағанда, бүгінгі таңда елде техникалық және кәсіби білім беруді жетілдіру жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Осы орайда айта кететін мәселе «Жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесі қажетті мамандық иелерінің барлығын елде дайындауға болатындығын көрсетті», деді Ф.Қуанғанов. Пiкiрлер (0)
|
|