|
12 Наурыз 2010, 13:27 Жалпыға бірдей білім беру қызметі еңбек нарығындағы сұранысқа толық жауап бере алмай отыр - С.Громов АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Қазақстан кәсіптік-техникалық білім беру саласын жаңғыртуға енді ғана көшті. «Нұр Отан» партиясының жүйелі түрде жүргізген мониторинг жұмыстары елде халықаралық тәжірибе негізінде 72 түрлі кәсіп бойынша мемлекеттік стандарттардың құрылғанын көрсетті. Алайда жалпыға бірдей білім беру қызметі бүгін еңбек нарығындағы сұранысқа толық жауап бере алмай отыр», деді бүгін «Нұр Отан» партиясының хатшысы Сергей Громов. Бұл туралы ол бүгін Астанада «Қазақстандағы адам капиталын дамыту: мәселелер мен шешімдер» атты халықаралық конференция барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, бүгінде жоғары техникалық мамандық пен орта деңгейлі кәсіптік мамандық иелерін дайындау жұмыстарында үлкен алшақтық бар. Бұл өз кезегінде елде білікті мамандарға деген зәрулікті тудырып отыр. «Қазақстан мұнай, газ, машина құрылысы, метал өңдеу сияқты салалар бойынша кәсіби мамандарға аса зәру. 2008 жылы Бүкіләлемдік банк жүргізген зерттеулерге қарағанда, жұмыс берушілердің 60 пайызы жұмысшылардың біліктілік деңгейлерінің талапқа сай еместігін көрсеткен. Бұл өз кезегінде өндіріс пен бизнестің дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр», деді С.Громов. Сондай-ақ ол сөзінде өзінің адам капиталын дамытуға қатысты қалыптасқан мәселелердің тек бір парасын ғана атап өткендігін, ал шын мәнінде оның өте кең ауқымды екендігін айтты. «Бүгінгі жиын осы мәселелерді бүге-шігесіне дейін ашып көрсетіп, оларды шешу жолдарын қарастыруға ықпал етеді деген ойдамын», деді партия өкілі. Пiкiрлер (0)
|
|