|
12 Наурыз 2010, 13:22 Қатты жел Жамбыл облысының тұрғындарын да әбіржітті ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Наурыздың 11-і күні Жамбыл облысының аумағымен жүріп өткен қатты жел электр, байланыс және газ желілеріне біраз зиян келтірді, адамдар зардап шекті, деп хабарлады төтенше жағдайлар ведомствосының баспасөз қызметінен. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Сәуле Әріпбаеваның ҚазАқпарат тілшісіне хабарлауынша, Таразда желдің жылдамдығы - 25 метр/секундқа, екпіні - 35 метр/секундқа дейін жеткен. «№18 орта мектептің, №24 балабақшаның, №24 мектеп-гимназияның, жекеменшік сектордағы бірқатар тұрғын үйлердің шатырлары зақымданды. Көп ағаштар құлады, тамырлары босап, құлағалы тұрған ағаштар одан да көп», дейді С.Әріпбаева. Оның айтуынша, кешенің өзінде «Жасыл-Тараз» серіктестігіне ағаштарды кесу туралы 46 өтініш түскен. «Күндіз қатты жел болған кезде, кішкентай баласымен қалалық саябақта қалып қойған 20 жасар келіншек зардап шегіп отыр. Жел ұшырған темір каркастағы шатыр оның үстіне құлап, ол түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Бала аман-есен», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі С.Әріпбаева. Пiкiрлер (0)
|
|