|
12 Наурыз 2010, 12:00 Алматы облысында 400 шақты ауланы су басып қалды, құрбан болғандар бар - ТЖМ АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат - Алматы облысының халқын тасқын су әбіржітіп отыр: 400-ге жуық ауланы су басып қалды, құрбан болғандар бар. Бұл туралы ҚазАқпаратқа Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Алматы облысы Қаратал ауданының Жылбұлақ ауылында наурыздың 11-і күні жауған нөсердің және қардың еруінің салдарынан бөгетті су шайып кетіп, селоны су басып қалды: 140 аула зардап шегіп, 820 адам баспанасыз қалды, делінген Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарламасында. Халықтың негізгі бөлігі ауылдағы орта мектепке көшірілді, оларға ыстық тамақ ұймыдастырылып отыр. Қариялар мен балалар Талдықорғанның басқа елді-мекендеріне жеткізілді және туған-туыстарына жайғастырылды. Ведомствоның ақпараты бойынша, кеше сондай-ақ Ақсу ауданында да Қызылағаш су қоймасының бөгетін су шайып кеткен. Соның салдарынан Қызылағаш ауылында 257 ауланы су басып қалған, зардап шеккен жалпы халықтың саны 3 мыңдай. Қауіпті аумақта болған азаматтар жағдай туралы жедел хабардар етіліп, Талдықорғаннан келген автобустармен және «Газель» көліктерімен қауіпсіз жерге көшірілді. Қаза болғандар бар, қазір олардың саны мен тұлғалары нақтылануда. Төтенше жағдайлар қызметінің ақпараты бойынша сондай-ақ, Алматы-Өскемен республикалық жолындағы Қызылағаш көпірін тасқын су шайып кетіп отыр. Пiкiрлер (0)
|
|