|
12 Наурыз 2010, 10:50 Қазақстан мен АҚШ-тың арасында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа форматы ашылды АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның арасында қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, наурыздың 8-10-ы аралығында Вашингтонда «Жыл сайынғы екіжақты консультациялардың тетіктері» іске қосылды, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің баспасөз қызметінен. Оның аясында келіссөздің бірінші кезеңі өтіп, оған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров пен АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия бойынша көмекшісі Роберт Блейктің төрағалық ететін қазақстандық және американдық жұмыс топтарының өкілдері қатысты. «Біз саяси және экономикалық ынтымақтастық, қауіпсіздік және энергетика, сондай-ақ адам құқықтары мәселелері арқау болған екіжақты келіссөзді табысты аяқтадық», деп мәлім етті наурыздың 10-ы күні Мемлекеттік департаменттің ресми өкілі. Консультацияның бірінші кезеңінің күнтәртібіне қойылған міндеттердің барлығына қол жеткізілді. Тараптар Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы стратегиялық серіктестіктің дамуын зерделеді және оның аясын, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сәуір айына жоспарланып отырған Вашингтонға сапарының қарсаңында, әрі қарай кеңейтудің перспективаларын анықтады. Қазақстан мен АҚШ жыл сайын кеңейтілген форматта консультациялар өткізуге, ал әр жарты жыл сайын ең өзекті мәселелер бойынша аралық басқосулар өткізіп отыруға келісті. Пiкiрлер (0)
|
|