КАЗ
РУС
QAZ
ENG
قازاقشا
10.54.2012  
«Үшарал - Достық» автожолында көлік қатынасы шектелді - көлік және коммуникация министрлігі Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жобаға 5 млн. доллар бөліп отыр Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылады И.Тасмағамбетов: Астана мектептерінде оқушылардың электрондық куәліктері енгізіледі Қазақстан ТМД мен Қытай нарығына жол ашатын қақпаға айналды - Мемлекет басшысы Астанада лаңкестікке байланысты алаңдауға ешбір негіз жоқ - И. Тасмағамбетов Кентаудағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 
12 Наурыз 2010, 09:54
Даму институттары атына заты сай болса игі...
 АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Үкімет қабылдаған Үдемелі индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасы бойынша елуден астам қолданыстағы бағдарлама күшін жояды, өңірлердің күш алуы үшін серпінді жобаларға басымдық беріледі. Осылайша, жақын бесжылдықтағы дамудың негізгі жүгі индустрияландыру стратегиясы арқылы жүзеге асатын болады. Биыл осы мақсаттағы 146 жобаны аяқтау, жаңадан 47 жобаны қолға алу көзделеді. Экономиканың индустриялық‑инновациялық дамуы бойынша бұндай ауқымды міндеттерді жүргізу инновацияны дамытумен бірге жүзеге аспақ.

 Мемлекет басшысының қолдауымен Үкімет бағдарламаны жүргізуге бюджеттен бөлінетін қаражатты нақтылады. Яғни, бағдар анықталды, қаражат қамтылды. Дегенмен, алдағы жылдары мақсат еткен межені бағындыру үшін басты күш қайда түседі? Әрине, үлкен нәтижеге қол жеткізу үйіп‑төгілген қаражат арқылы емес, даму институттарының тиімді басқаруларынан, соншалықты қомақты қаражатты ұқсатып жұмсауынан болатыны айқын. Сондықтан да, бұған дейінгі кемшіліктер қайталанбайтындай жолға түсіп, әсіресе даму институттарына қатысты позицияны өзгертетін уақыт жеткен секілді. Соңғы кездері «Самұрық‑Қазынадан» бастап мемлекеттің қатысуындағы бірқатар қаптаған даму институттарының қызметін қайта қарастыру туралы мәселенің көтеріліп жүргені де сондықтан болар.

Жалпы, даму институттары қызметінің мақсаты - экономиканың нақты бір секторын қолдау, олардың дамуына жан‑жақты жәрдемдесу. Ал бүгінге дейінгі атқарылған шараларды сараласақ, бұндай институттардың басым бөлігі тиімділігін мүлдем төмендетіп алғанын, экономиканың жайлы заманында мүмкіндікті шолақ пайдаланғанын байқауға болады. Мәселен, сыртқы экономикалық жағдайдың қолайлы болуы және 2008 жылға дейін мұнайға, Қазақстанның басқа да экспорттық шикізаттарына бағаның жоғары болуы еліміз үшін үдемелі дамудың бірегей мүмкіндігі болғаны айқын. Әрине, осындай мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін көптеген салаларды қамтыған стратегиялар әзірленді, бағдарламалар жоспарға алынды. Осы мақсатта даму институттарына бюджет қаржысы үздіксіз құйылып тұрды. Дегенмен, бұндай бағдарламаның толық, аяғына дейін жүргізілгені санаулы ғана, онда да бітті деген атақ үшін атқарылғандай. Ең сорақысы, бюджеттік және басқа да бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қаржылық тәртіптің айтарлықтай заң бұзушылықтары орын алып келді.

Сенат депутаты Нұрлығайым Жолдасбаеваның  келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 2003-2009 жылдар аралығында республикалық бюджеттен даму институттарына қаржылық активтер иеленуі үшін, оның ішінде жарғылық капиталды қалыптастыру мен арттыруға арнап 1  трлн. 714,1 млрд. теңге немесе бүгінгі бағамға шаққанда 11,6 млрд. доллар жұмсалыпты. Алайда, Есеп комитетінің тексерулері бірқатар даму институттарына бағытталған қаражаттың нәтижесіз жұмсалғанын анықтаған. «Атап айтқанда, тек «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ  2007-2008 жылғы залалдары 13,7 млрд. теңгені құраған. Бұнымен қоймай, аталған қор тарапынан қаржыландырылған 36 жобаның тек екеуі ғана аяқталса, 18‑і әлі жүргізіліп келеді екен. 2004 жылдан бастап қаржыландырылып келе жатқан 16 инвестициялық жоба 2006-2009 жылдары аяқталуы тиіс еді, әлі де қолданысқа берілмеді. 20 жобаға арыз‑шағымдар бойынша тексерулер жүргізілуде. «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ‑ның бизнес‑жоспарына сәйкес, 2007-2008 жылдары және 2009 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестициялық жобалардан күтілетін 38,3 млрд. теңге пайда түскен жоқ, керісінше жоспарланбаған шығындар 9,8 млрд. теңгені құрады. 2009 жылдың қазанындағы жағдай бойынша Қор тарапынан 4,9 млрд. теңгеге инвестицияланған жеті кәсіпорын банкроттық жағдайда тұр», дейді сенатор Н. Жолдасбаева. Қор өз қызметін тиімді пайдаланғанды былай қойып, құрылу мақсатынан жаңылысып қалса керек, басқаға емес коммерциялық пайда табу мәселесіне қатты көңіл бөліпті. Мәселен, Қорда бос қаражаттар бола тұра, 2009 жылы жобаларды мақұлдап, қаржыландырудың орнына әлгі қаражаттарын екінші деңгейлі банктерге салған. Депозитке пайда үшін орналастырылған сомасы 27,6 млрд. теңгеге жуықтаған. Өстіп, қордың негізгі кірісі былтырғы жылы депозиттерден сыйақы алу арқылы қалыптасыпты, бұл былтырғы тоғыз айда 2,5 млрд. теңгені құраған.

Дәл осындай жағдай еліміздегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру және жоғары технологиялық, ғылыми қамтымды өндірісті дамыту мақсатында құрылған «Ұлттық инновациялық қор» АҚ‑да орын алған. Аталған қор 2006 жылы 838 млн. теңгесін «ВалютТранзитБанк» депозитіне салып, кейіннен қайтарып алу мүмкіндігі болмағандықтан, залал ретінде өшірілген. Бұдан бөлек қаржылық заң бұзушылықтар да шаш етектен, ал мақсатты нәтиже жоқтың қасы.

Тағы бір мысал. Есеп комитетінің тексерулеріне сүйенсек, «Технологиялық инжиниринг және трансферт орталығы» АҚ  құрылғаннан бастап шығынға белшеден батыпты.  Бұнымен қоймай, 2004 жылмен салыстырғанда 2008 қарай аталған орталықтың шығыны 1,6 млрд. теңгеге немесе 16 есеге артқан. Бюджеттік қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, қараптан қарап отырып орталықтың шығынға ұшырауының негізгі себебі Қазақстанда трансферт технологиясын жүзеге асыру бойынша бірқатар шектеулері бар шетелдік компаниялар акцияларының құнсыздануына қатысты болған көрінеді.  Мәселен, «Технологиялық инжиниринг және трансферт орталығы» АҚ  2,5 млн. долларға «Ethos-Networks» компаниясының кейіннен құнсызданатын акциясын иеленген. Бұдан бөлек, «Winetworks» (Израиль) компаниясының қаржылық жағдайы өте нашар болғанына қарамастан, 5,0 млн. долларға сол компанияның акциясын сатып алу туралы шешім қабылданған. Ең сорақысы, «Winetworks» бірқатар шектеулерге орай трансферттік технологиялармен айналыса алмайды екен әрі Қазақстан рыногында трансферттік технология бойынша еш операция жүргізбеген. Сонда қалай? Осындай жағдайды біле отырып, бюджеттік қаржыны айдаладағы компанияға аудара салуға қалай жол берілген? Тіпті акцияны иелену жөніндегі келісім шарттарында да трансферттік технологиялар туралы шарттар қамтылмаған көрінеді. Мінеки, бюджеттің, халықтың қаражаты осылайша желге ұшқан.  Бұл бер жағы ғана секілді, қаза берсең бата бересің. Экспортты дамытуда басты рөл атқаруы тиіс «KAZNEX» АҚ да соңғы бес жыл көлемінде шығыннан көз ашпай келеді. Бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау ауруы бұл компанияны да айналып өтпеген.

«Мемлекеттік қаражатты қалай болса солай, тиімсіз пайдалану жаман әдетке айналып барады. Елбасы ағымдағы жылғы жолдауында алдағы уақытта өңдеуші кәсіпорындардағы еңбек өнімділігін 2 есеге, ал ауыл шаруашылығында кем дегенде 4 есеге дейін арттыру міндетін жүктеді, инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі  4‑тен 20 пайызға дейін өсуі тиістігін айтты. Алайда, бүгінгі даму институттарының әрекеттеріне қарасақ, бұлардан индустриялық‑инновациялық дамуға әсер етеді деп үміттену бекер секілді. Жоғарыда көрсетілген фактілердің барлығы, нақты үйлестіру жүйесінің жоқтығын, жобаларды жүргізуге қатысты және ұлттық институттардың қызметіне мониторинг пен бақылаудың болмағанын білдіреді. Мемлекеттің қатысуындағы акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын арттыруға  бөлінген бюджет қаражаттарын пайдалану саласында заңнаманың жетілмегенін көрсетеді», деді сенатор.

Расында, индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасы үлкен күшпен ғана жүзеге асады. Бюджеттен бөлінетін қаражат даму институттарымен дәл осылай жұмсалса, оның пайдасы да шамалы болуы мүмкін.  Ендеше, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін қатайтуға күш салу кезек күттірмейтін шараға айналып отыр. Тәуекелге бел буғандай болып, экономикалық тиімсіз шешімдер қабылдаудың алдын алу қажет. Бюджет қаражатын жұмсаумен байланысты қаржылық заңнаманы бұзғандығы үшін басшылардың жауапкершілігі күшейтіле түскені абзал. Ең бастысы даму институттары өз мақсаттарынан ауытқымағаны жөн.



Пiкiрлер (0)
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз::*

Код тізім есебімен енгізіледі

 






© 2012 «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ
«ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.