|
12 Наурыз 2010, 09:03 Өскеменде ІІІ қысқы универсиаданың жабылу рәсімі өтті ӨСКЕМЕН. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - Өскеменде Қазақстанның ІІІ қысқы универсиадасының жабылу рәсімі өтті. Бейсенбі, наурыздың 11-і күні С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен жабылу рәсімінде Білім және ғылым министрлігінің Дене шынықтыру ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директорының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, универсиада бас төрешісінің орынбасары Бауыржан Рамазанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерге наградалар және грамоталар табыс етті. Бұдан бұрын хабарлағандай, 11 күн бойы Өскемен және Риддер қалаларында спорттың 9 түрі бойынша қазақстандық оқу орындарының 27 командасының арасында спорттық жарыстар өтті. Шаңғы жарысы, биатлон, көпсайыс, футзал, бағдарлау, хоккей, армреслинг, кір тасын көтеру, пауэрлифт сияқты спорт түрлерінен өткен универсиадада жалпы командалық есеп бойынша С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамасы көш бастады. Екінші орынды - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің командасы иеленсе, үшінші орын - М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің командасына бұйырды. Шайбалы хоккейден жарыста бірінші орынды да С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды - Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің командасы, ал үшінші орынды - Қазақстан-Америка еркін университетінің командасы иеленді. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің командасы қысқы универсиаданың жалауын Солтүстік Қазақстан университетінің командасына табыс етті - келесі универсиада 2012 жылдың наурыз айында сонда өтеді. Пiкiрлер (0)
|
|