
|
11 Наурыз 2010, 16:25 Шілде айында Алматыда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтеді - Қ.Саудабаев ![]() АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Шілденің 10-11-і күндері Алматыда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтеді. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев аталған ведомствода өткен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның екінші отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың елімізде ЕҚЫҰ Саммитін өткізу туралы бастамасын Франция, Италия, Испания, Румыния, Түркия, Ресей, сондай-ақ ТМД-дағы әріптес мемлекеттердің бірінші басшылары қолдау көрсеткен. «Осыған орай ағымдағы жылдың маусым айының ортасына қарай нақты ұсыныстар мен идеяларды түзетін аралық баяндаманы дайындау мақсатында Елшілер деңгейіндегі кездесулер жұмысын бастаймыз. Саммит тақырыбын, ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет басшыларының қатысуына ыңғайлы өткізу мерзімін бекіту жоспарлануда. Егер Мемлекет басшысының алға қойған нақты тапсырмаларын тиянақты атқаратын болсақ, ағымдағы жылы шілденің 10-11-і аралығында Іле Алатауы баурайында ұйым Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуін өткіземіз», деді Қ.Саудабаев. Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрінің атап өтуінше, алқалы жиын барысында Саммиттің өткізілу форматы, күн тәртібі, мерзімі нақты бекітіліп, ҚР Президенті атынан ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекеттің басшыларына шақыру жіберілмек. Пiкiрлер (0)
|
|