|
11 Наурыз 2010, 10:45 «Сибсельмаш» бірлестігі өндірістік қарым-қатынасқа ынталылық танытты - Ақмола облысы КӨКШЕТАУ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының әкімі Альберт Рау өңірге іссапармен келген «Сибсельмаш» Новосібір өндірістік бірлестігінің коммерциялық директоры Евгений Белоусовпен бірлескен кәсіпорын құрудың жолдарын қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ресей Федерациясы машина жасау саласындағы «Ростехнология» мемлекеттік корпорация құрамындағы бірлестікте шығарылатын астық комбайндары өңір диқандарына жақсы таныс. Қуаттылығы, төзімділігі, астықты сапалы жинау мүмкіндігі мол дала кемесі механизаторлар арасында үлкен сұранысқа ие. Қазіргі уақытта зауытта озық технологияны игеру, техниканың жетілдірілген түрлерін шығару қолға алынған. Бірлестік әкімшілігі өз тарапынан астықты аймақта жаңа ауылшаруашылық техникасын құрастыру жайында пікірлерін бөлісті. Облыс басшысы өңірдегі «КамАЗ-Инжиниринг» және «Степногор подшипник зауыты» акционерлік қоғамдарының тәжірибесіне назар аударып, солармен ынтымақты жұмыс жасау турасында өз ұсынысын білдірді. Пiкiрлер (0)
|
|