
|
10 Наурыз 2010, 20:19 Кедендік одақтың бірыңғай сертификатына қатысты тиісті шаралар қабылданады - сараптамалық кеңес отырысы ![]() АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Кедендік одақты құру мақсатында өткен жылдың желтоқсан айының 11-інде Қазақстан, Ресей, Беларус мемлекеттерінің арасында екі келісімге қол қойылды. Олардың біріншісі аккредитациялауға қатысты болса, екіншісі Кедендік одаққа мүше елдердің аумағындағы тауарлар айналымымен байланысты. Мұндағы мақсат ағымдағы жылдың шілде айының 1-інен бастап, Кедендік одақтың бірыңғай сертификаты қабылданады. Бүгінде оған қатысты тиісті іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол 17 бөлімнен тұрады. Бұл туралы бүгін Кедендік одақ мәселелеріне байланысты техникалық реттеу жөніндегі сараптамалық кеңестің кезектен тыс отырысында Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Талғат Момышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, жоспарға енгізілген шаралардың негізгілері сынақ зертханалары органының реестрлер тізімін бекітуге қатысты. Сонымен қатар осы шаралардың арасында Кедендік одаққа мүше елдердің аумағында айналымға түсетін тауарлардың бірыңғай тізімін бекітумен байланысты жұмыстар бар. «Бүгінде бұл мәселелер бойынша арнайы жұмыс топтары құрылып, олар ай сайын Мәскеуге барып, қажетті шаралар жүргізуде. Ал техникалық регламенттерге келетін болсақ, Қазақстанда оларды енгізу бойынша арнайы жоспар дайындалды. Ол бойынша барлығы 97 техникалық регламент дайындалуы қажет», деді төрағаның орынбасары. Оның сөзіне қарағанда, Еуразия экономикалық қауымдастығын қалыптастыру шарасы аясында бірінші кезектегі техникалық регламенттердің тізімі енгізілді. Олар 38 регламенттен тұрады. «Қазақстан олардың 3 түрлі регламентіне, яғни астық, лифтілердің қауіпсіздігі, жанар май мен мұнай қауіпсіздігіне жауап береді. Бұл өз кезегінде біздің өзіміздің көзқарастарымыздың бар екендігін айқындайды. Бұған қоса тағы салалық жұмыс топтары құрылып, оларды мемлекеттік органдардың бірінші басшылары басқарады. Біз осы регламанттердің барлығын жетілдіріп отырамыз», деді Т.Момышев. Пiкiрлер (0)
|
|