|
10 Наурыз 2010, 19:14 Батыс Қазақстанда соңғы бес жылда туберкулезбен күрес қызметін қаржыландыру 2,5 есе өсіп отыр ОРАЛ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы биылғы Жолдауында адамдардың туберкулезбен ауыруын 2020 жылға қарай 20 пайызға қысқарту қажеттігін атап көрсеткен болатын. Өткен жылы өңірде туберкулезден 2677 адам емделіп шықты. 2008 жылмен салыстырғанда, балалар ауруының көрсеткіші - 12, жасөспірімдердікі - 4, ал осы дерттен қайтыс болғандар 28 пайызға төмендеді. Бұл туралы облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Мақсот Иманғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оның айтуынша, өткен жылы осы салаға 1,1 миллиардтан астам теңге бөлінді. Былайша айтқанда, соңғы бес жылда қаржыландыру 2,5 есе өсті. Бөрлі, Қазталов, Ақжайық, Зеленов, Сырым, Жәнібек аудандарында ауруханалар жаңадан салынса, облыстық диспансер күрделі жөндеуден өткізілді. Қазіргі кезде тоғыз аудандық ауруханада - 335, «Орал» ауданаралық туберкулезге қарсы ауруханасында 80 керуетте қызмет көрсетіледі. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 330 орын болса, оның емханасында ауысымына 250 адам қабылданады. Сондай-ақ бұрынғы шипажай созылмалы сырқаттар мен мәжбүрлеп емдеу бөлімшесі болып қайта жасақталса, ересектерге арналған 120 орындық «Қарағайлы» шипажайы Зеленов ауданынан ашылды. Балаларға арналған 100 орындық «Ивушка» шипажайы да жұмыс жасап тұр. Өңірде наурыздың 24-і Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай айлық ұйымдастырылып, аталмыш дерттің алдын алу шаралары өткізілуде. Пiкiрлер (0)
|
|