
|
10 Наурыз 2010, 18:20 Елордада «Су және энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш» атты көрме ашылды ![]() АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Су және энергия: өзің үшін Н2О және Ватт әлемін аш» атты көрме ашылды. Көрменің ашылу рәсіміне Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Райнер Шлагеттер, Қазақстан-неміс университетінің проректоры, профессор Бодо Лохман қатысты. «Су мен энергия - Жер шарындағы тіршіліктің онсыз өмір сүруі мүмкін емес екі құнды ресурсы. Сіздің елдеріңіз адам басына шаққанда осы екі тіршілік көзін де өте көп пайдаланады. Оны тиімді пайдалану қажеттігі туындап отыр. Осы мақсатта біз климатты қолдауға өз септігімізді тигізіп отырмыз деп санаймыз», деді Бодо Лохман. Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, Қазақстан-неміс университетінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған бұл көрме «Қазақстан-Германия 2010» іс-шарасының шеңберінде алғаш рет өтіп отыр. Танымдық слайдтар мен стендтерде ғаламшар, сондай-ақ Қазақстанның су ресурстарының орналасуы, қандай елдерде су жетіспеушілігі байқалып отырғандығы көрнекті ұсынылған. Сонымен қатар табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және сақтауға қатысты қызықты аспектілер берілген. «Су мен энергияны үнемдеу арқылы біз болашақ ұрпақтар үшін ғаламшарды таза күйінде сақтаймыз. Бұл өте маңызды», деді Бодо Лохман өз сөзінде. Көрме наурыздың 28-іне дейін жалғасады. Пiкiрлер (0)
|
|