|
10 Наурыз 2010, 16:41 Батысқазақстандық диқандар биылғы егіннен мол үміт күтіп отыр ОРАЛ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қыста қардың көп түсуіне байланысты батысқазақстандық диқандар биылғы егіннен мол үміт күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Астықты өңірлердің бірі Сырым ауданында барлық егіс көлемі 70290 гектарды құраса, соның 2590 гектары күздіктің үлесінде. Күздікті есептемегенде, 67700 гектар жерде дәнді және бұршақ тұқымдас дақылдар орналастырылмақ. Осы егіске қажетті тұқым қоры 7579 тоннаны құрайды. Қазір шаруа қожалықтарында сақтаулы тұрған 3227 тонна бидай-арпа, 72 тонна қыша, 10 тонна мақсары тұқымы бар. «Батысагросервис» ЖШС арқылы 1 мың тонна тұқым алу ойластырылуда. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қонысбай Молдағалиевтің айтуынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алуға 22 шаруашылықтан 40 млн. теңгеге сұраныс түсіп, құжаттар жинақталуда. Бұл қосымша 1300 тонна тұқым сатып алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ егіс науқанына 1214 тонна жанар-жағар май қажет. Жалпы, биыл өңірде 504 мың гектарға жаздық дәнді, 42,3 мың гектарға майлы және 9,2 мың гектарға картоп пен бау-бақша дақылдарын егу көзделіп отыр. Пiкiрлер (0)
|
|