КАЗ
РУС
QAZ
ENG
قازاقشا
10.39.2012  
«Үшарал - Достық» автожолында көлік қатынасы шектелді - көлік және коммуникация министрлігі Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жобаға 5 млн. доллар бөліп отыр Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылады И.Тасмағамбетов: Астана мектептерінде оқушылардың электрондық куәліктері енгізіледі Қазақстан ТМД мен Қытай нарығына жол ашатын қақпаға айналды - Мемлекет басшысы Астанада лаңкестікке байланысты алаңдауға ешбір негіз жоқ - И. Тасмағамбетов Кентаудағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 
10 Наурыз 2010, 10:48
Басты мақсат - біздің елдеріміздің зор ынтымақтастық әлеуетін барынша жүзеге асыру - Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Б.Жексембин
 ТАШКЕНТ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Қазақстан мен Өзбекстан бүгінгі таңда орталықазиялық аймақта жетекші мемлекеттер болып отыр. Көршілес елдер экономикада да, әлеуметтік салада да өзара байланыста. Екіжақты қарым-қатынастардың осы және басқа да қырлары туралы ҚазАқпарат тілшісіне Мемлекет басшысының Ташкентке сапары қарсаңында Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бөрібай Жексембин сұхбат берді.  

- Құрметті Бөрібай Биқожаұлы!  Өзбекстан мен Қазақстанның екіжақты қатынастарының қазіргі жай-күйін Сіз қалай бағалайсыз? Біздің елдеріміздің ынтымақтастығын дамытудың одан әрі перспективалары қандай?

- Қазақстанның сыртқы саясатында ірі саяси, экономикалық және даму әлеуеті жоғары Өзбекстанмен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға елеулі маңыз беріліп келеді. Біздің елдеріміз әрқашанда бірлесе отырып, берік те тұрақты қатынастарды қамтамасыз етуге ұмтылып келеді. Екіжақты қатынастардағы басты фактор, әрине, Қазақстан мен Өзбекстан аймағы, халқы, экономикасы мен табиғи қорлары жағынан да Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттер болып отыр.  

Тәуелсіз дамудың алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақстан-өзбек қатынастары әртүрлі деңгейде жоғары белсенділікпен дамып келеді, мұның өзі екі ел арасындағы өзара тиімді жан-жақты байланыстарға берік іргетас қалауға мүмкіндік берді. Екіжақты қатынастардың шарттық-құқықтық базасы ынтымақтастықтың барлық саласын дерлік қамтиды және 100-ден астам мемлекетаралық және үкіметаралық құжаттарды құрайды.

Екі елдің мемлекеттік органдары арасындағы келіссөздер мен консультациялар ұдайы жүргізіліп келеді. Лаңкестік пен экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық қылмыс сияқты жаңа қатерлермен және қауіптермен күрес саласындағы ынтымақтастық ойдағыдай дамып отыр.

Қазақстан Президентінің 2006 жылғы наурыздың 19-20-сы күндеріндегі Өзбекстанға мемлекеттік сапарының және 2008 жылғы сәуірдің 22-23-і күндеріндегі Өзбекстан Президентінің Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары екіжақты қатынастардың өзара басымдығын және өте маңызды екенін көрсетеді.

Бұдан басқа геосаяси тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Қазақстанда да, Өзбекстанда да біздің халықтарымыздың тарихи және рухани дамуының ортақ екендігіне, түп тамыры мен ділі бір-біріне жақын екендігіне айрықша маңыз беріліп отырғанын атап өтуге тиіспін.

Біздің елдеріміз арасында Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылғанын атап көрсеткен орынды, өйткені халықаралық практикада бұл одақтық қатынастардың ең жоғары формасы болып табылады. Оның тағы бір дәлелі - Өзбекстан мен Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік шекараларын межелеп алды. Біз қазақстан-өзбек шекарасы әрқашан да достық пен ынтымақтастық шекарасы болуы тиіс және солай болып қалады деп кәміл сенеміз. Бүгінгі таңда тараптар мемлекеттік шекараларды межелеудің қорытынды кезеңіне кірісті.

Бұдан басқа Қазақстан мен Өзбекстан көпжақты ынтымақтастық ауқымында ойдағыдай іс-қимыл жасасып келеді. Екі ел де ШЫҰ, АӨІСШК, ТМД және ҰҚШҰ қатысушылары.

Баршаға белгілі, Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Біздің ел 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығына ТМД-дан ұжымдық үміткер болды және Достастық бойынша өз әріптестерінің пкірлері мен ұсыныстарына құрметпен қарайтын болады. Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығының негізгі басымдықтарының бірі ЕҚЫҰ Саммитін өткізу болмақ. Осыған байланысты қазақстандық тарап қазақстандық төрағалық кезеңінде ЕҚЫҰ саммитін өткізу идеясын қолдауға үміт артады,

Екіжақты қатынастардың маңызды саласы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық болып табылады. Оны барынша дамыту біздің халықтарымыздың мақсат-мүдделері мен ұмтылыстарына толық сай келеді. Сондықтан да екі елдің тисті құрылымдары мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыта түсіп, одан әрі тереңдетудің кешенді шараларын жасауда. Бір сөзбен айтқанда, екіжақты қатынастардың серпіні жақсы және бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталмақ. Өйткені, халқымыз айтқандай, «Бірлік болса, тірлік болады».

- Экономикалық қатынастар екіжақты қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі, бұл орайда сауда-экономикалық байланыстарды өрістете түсу шаралары мен оның нақты тетіктері жайлы егжей-тегжейлі блгіміз келеді.

- Екі елдің экономикалық ынтымақтастығы да жеткілікті дәрежеде серпінді және тұрақты дамып отыр. Ғасырлар бойы Қазақстан мен Өзбекстанның шығыс базарлары қайнап жатты, жүздеген жылдар бойы шаң басқан керуен жолдарымен сауда қызып, алыс-беріс жүріп жатты.

Бүгінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық 60-тан астам құжаттарды қамтитын шарттық-құқықтық база экономикалық ынтымақтастықтың барлық дерлік саласын қамтып отыр. Тараптар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы 1995 жылғы ақпанның 7-сіндегі Шарт, Өзара инвестициялар және оны ынталандыру туралы 1997 жылғы ақпанның 2-сіндегі келісім, 2007-2016 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастық стратегиясы, 2006-2010 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы сияқты негізгі құжаттарға қол қойды және өзара инвестиияларды қорғау, кеден ісі, банкі саласы және басқа да салалардағы бірқатар құжаттармен алмасқан.

Қазақстан соңғы жылдары Өзбекстанмен негізгі сауда әріптестерінің бестігіне кіріп отыр, республиканың сауда айналымындағы оның үлесі 6-10 пайызды құрайды. Сонымен қатар, әлемдік қаржы дағдарысы екіжақты сауда айналымының көлемі мен қарқынына едәуір ықпал етті. 2009 жылы ол 196,3 млн. АҚШ долларын құрады (экспорт - 891,8 млн., импорт - 304,4 млн.) және 2008 жылмен салыстырғанда 33,1 пайызға азайып кетті. Сауда айналымының бұлайша азаюы басқа елдерде де болды.

Дегенмен осы кезеңде екі елдің шаруашылық жүргізуші субъектілері арасындағы байланыстар жандана түсті. Мысалға, Қазақстанға тікелей өзбек инвестициялары 3,7 млн. АҚШ доллларын құрады, қазақстандық инвестициялар - 134,4 млн. АҚШ долларына жетіп отыр.

Өзбекстанның импорттық құрылымында негізінен минералдық, мұнай өнімдері, олардың өңделген өнімдері, ұн-жарма өнеркәсібінің өнімдері, рудалар, қара және түсті металдар мен олардан жасалатын бұйымдар, органикалық емес химия өнімдері, азық-түлік тауарлары басым.

Ал Қазақстанға энергия жеткізу, атап айтқанда, табиғи газ, электр энергиясы, мақта талшықтары, химия өнімдері мен пластмасса, құрылыс материалдары, тыңайтқыштар, әйнек пен олардан жасалатын бұйымдар, қара металдар, электр жабдықтары, жеміс-көкөніс өнімдері экспортталады.  

Өзбекстанда Қазақстан инвестицияларының қатысуымен 163 кәсіпорын жұмыс істейді, олар құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі мен өңдеу, сауда, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп, метал өңдеу, машина жасау салаларындағы қызметті жүзеге асырады. «Қазақстан даму банкі» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Қазақстан халық банкі - Қазақстан Халық Лизинг» және «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ өкілдіктері ашылған.

Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 282 бірлескен кәсіпорын құрылған. Негізінен бұл кәсіпорындар сауда және құрылыс салаларымен айналысады.

Экономикалық байланыстарды дамытуға екі елдің президенттерінің қамқоршылығымен құрылған Мемлекетаралық үйлестіру кеңесінің жұмысы жәрдемдесуде, оның ауқымында жылына екі рет екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективалары талқыланып отырылады, екі елдің мүдделі министрліктері мен ведомстволарына экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар беріліп отырылады.   

Мұнай-газ және көлік-коммуникация салаларындағы ынтымақтастық экономикалық әріптестіктің маңызды қырларына жатады. Қазақтан жыл сайын ресей тарапымен «своп» операциялары бойнынша, елдің оңтүстік аймақтарының қажеттері үшін кемінде 3,5 млрд. текшеметр өзбек табиғи газын сатып алады.

Бұдан басқа тараптар табиғи газды Орталық Азиядан әлемдік рыноктарға жеткізу мәселелерінде келісілген саясат жүргізіп отырады. Бүгінгі таңда транзиттік қуаттарды арттыру мақсатында газ құбырларының жаңа тармақтарын Еуропа мен Қытай рыноктарына тарту және оларды жаңарту жөнінде консультациялар өткізілуде. Жақында, мысалға, Қытайға түрікмен газын тасымалдауға мүмкіндк беретін «Түрікменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай» газ құбырының ашылу салтанатты өтті.

Көлік саласындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді, атап айтқанда тараптар арасында 2006 жылғы наурызда халықаралық автомобиль жолы қатынастары туралы келісімге қол қойылды, бұл автомобиль көлгінің рұқсат берусіз жүйесін көздейді. Сондай-ақ Е-40 халықаралық көлік дәлізі құрамында «Атырау-Бейнеу-Қоңырат» және «Ақтау-Бейнеу-Қоңырат» автомобиль жолдарын қатар салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.  

Теміржол көлігінде «Алматы-Ташкент-Нүкіс» бағыты бойынша жолаушылар қатынасы қалпына келтірілді. Қазақстандық тарап жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы үшінші елдерге мақта, мақта целлюлозасы, көкөніс-жеміс өнімдері сияқты және басқа да өзбек тауарларын теміржолмен транзиттік тасымалдауға төмендетілген коэффициенттер қойып келеді.

Әуе көлігі саласында аптасына екі рет «Ташкент-Астана-Ташкент» авиарейсі  қатынауда, «Алматы-Ташкент-Алматы» авиарейсінің жиілігі аптасына жеті ретке дейін көбейтілді.

Еркін сауда аймағын қалытастыру ауқымында бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Перспективалық инвестициялық (инновациялық)  жобалар туралы тұрақты түрде ақпарат алмасып тұру көзделген, инновациялық құрылымдар құру саласындағы ынтымақтастық жолға қойылуда (технопарктер, бизнес-инкубаторлар, венчурлық қорлар). Ірі мемлекет бола отырып, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етуге қол жеткізген Өзбекстан бұдан былай да біздің еліміздің сыртқы экономикалық стратегиясында маңызды орын алатын болады.

- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық өзендер су-энергетикалық ресурстарын пайдалану мәселелері қалай шешілуде?

- Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су-энергетикалық қорларын тиімді және ұтымды пайдалану мәселелері Қазақстан үшін басты және аймақтағы өткір проблемалардың ірі болып отыр. Бұдан әрі экономиканың дамуы және аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі осы мәселелердің қалай шешілуіне байланысты. Барлық мемлекеттер де трансшекаралық өзендердің су-энергетикалық ресурстарын пайдалануда мәмілеге келу аймақтың барлық елдерінің түбегелі мүдделеріне сай келетінін және трансшекаралық сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу мүмкіндігіне жол бермейтінін жақсы түсінеді.

Трансшекаралық су-энергетика ресурстарын тиімді шешудің негізі - 1992 жылғы халықаралық көздердегі су ресурстарын қорғау және оны пайдалануды бірлесе басқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім,1998 жылғы Сырдария алабының су-энергетикалық ресурстарын пайдалану туралы келісім сияқты көпжақты құжаттар болып табылады.

Қазақстан трансшекаралық өзендерді пайдалану және оны реттеу өзара келісілген негізде жүргізілуі тиіс деп санайды және су қоймаларын үйлестіріп отыру режімінің қажеттігін таниды, бұл орайда су және отын-энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану, су жіберуді келісіп отыру мәселелерінде жалпыға танылған халықаралық нормалар мен ережелерді басшылыққа алып отыру қажет.

Қазақстан су ресурстарын қорғау мен пайдалануды реттеудің әмбебап тетігін жасауды, сондай-ақ су-энергетика проблемларын реттеу жөніндегі аймақтық консорциум құруды жақтайды. Мұндай консорциум құру шаруашшылық жүргізу субъектісі ретінде аймақтың су-энергетикалық ресурстарын пайдаланудан экономикалық пайда табуға да мүмкіндік береді. Осы тақырыпқа қатысты тағы бір айтар мәселе: Қазақстан мен Өзбекстан Аралдың экологиялық дағдарыс салдарына байланысты мәселелерді шешуге белсене қатысып отырғанына назар аудара кеткім келеді.  

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға алдағы сапары жайында не айтасыз?

- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы наурыздың 16-17-сі күндеріне күтіліп отырған Өзбекстан Республиасына ресми сапары екіжақты қатынастарды бұрынғыдан да жоғары сапалық жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді және өзара тиімді қатынастарды одан әрі тереңдетуге тың серпін береді деп кәміл сенемін.

Аймақтағы көршілермен қатынастардағы өзекті мәселелер бұрынғыша болатынын ескере отырып, Қазақстан үшін өзара іс-қимылдың жедел режиміне қарай елеулі алға жылжуына қол жеткізу, халықаралық аренда екі елдің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсету  өте-мөте маңызды. Ынтымақтастықтың тағы бір үлкен блогы  - сауда-экономикалық бағыт, бүгінде оның жаңа формаларын және жолдарын іздестіру қажет. Өзара сауда мен инестицияларды жандандыру және өрістете түсу Қазақстан мен Өзбекстан президенттері кездесуіндегі басты әңгіме өзегі болады ғой деп ойлаймын.  

Сапар барысында Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің бірлескен мәімдемелерін қабылдау, дипломатиялық өкілдіктерге ғимарат салу үшін жер телімдерін өзара ұсыну туралы үкіметаралық келісімге, 2010-2011 жылдарға арналған сыртқы саясат ведомстволары арасындағы ынтымақтастық туралы бағдарламаға және басқа да бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.  

- Соңғы сұрақ: алдағы перспективадағы елшіліктің жоспарлары туралы не айтар едіңіз?

- Елшіліктің жұмысының негізгі бағыты Қазақстанның сыртқы саясатындағы Өзбекстанның көзге көрініп тұрған тарихи және геосаяси басымдықтартынан, аймақтық қауіпсіздікті нығайту және бүкіл орталықазиялық аймақты дамыту міндеттерінен туындайды.  Біздің көшбасшыларымыз арасындағы тұрақты сындарлы диалог және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындаудағы міндеттер және олардың жіті атқарылуы біздің жұмысымыздың басты мәні болмақ. Әрине, бұл орайда қолға алатын жаңа міндеттер баршылық. Айталық, соның ішінде шекаралық аймақтардың ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және инвестициялық саладағы өзара іс-қимылды тереңдетуге баса назар аударсақ па деп отырмыз. Дипломатиялық өкілдік Қазақстан мен Өзбекстанның шекаралық облыстарының басшыларының кездесулерін өткізіп, оған бизнес-құрылымдарды тартуды көздеп отырмыз, оның барысында шекаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылауды қарастырмақпыз.

Сондай-ақ ағымдағы жылы парламентаралық ынтымақтастықты және  қоғамдық, ғылыми, саяси институттар арасындағы, соның ішінде діни мәселелер де бар, екіжақты байланыстарды жандандандыруға үміт артып отырмыз.

Тұтастай алғанда, 2010 жылға елшілік жұмысы екіжақты қатынастардың серпінін дамытуға бағытталатын болады.

 


Пiкiрлер (0)
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз::*

Код тізім есебімен енгізіледі

 






© 2012 «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ
«ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.