
|
10 Наурыз 2010, 10:43 Өңірлердегі проблемалы кәсіпорындардың несиелерін бюджеттен субсидиялау бағдарламасының экономика үшін маңызы зор - Премьер-Министр ![]() АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің пайымдауынша, өңірлердегі проблемалы кәсіпорындардың несиелерінің пайыздық ставкасын бюджеттен субсиядиялау бағдарламасының ел экономикасы үшін маңызы зор. Ол бұл пікірін бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында талқыланып жатқан 2010 жылдың нақтыланған бюджетінің таныстырылуы барысында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Менің ойымша, бұл өте жақсы бағдарлама. Ол жеке секторға, кәсіпорындарға «тынығып» алуға мүмкіндік береді», деді К. Мәсімов осыған байланысты сұрақ қойған депутат Тито Сыздықовқа берген жауабында. Премьер-Министрдің айтуынша, банктік қоғамдастық, жеке сектор және облыс әкімдері бірлесіп нақты бір өңірдің экономикасы үшін қажетті және маңызды деп саналатын бірқатар жобаларды айқындайтын болады. Олар негізінен ірі жобалар емес. Мұндай кәсіпорындардың бір бөлігі қазіргі уақытта банктерден алған қарыздарын толықтай өтеуге қауқарсыз болып отыр. Ал банктер болса, мұндай кәсіпорындарды банкротқа ұшыратып, оның кепілге қойған мүлігін өз басқаруына алуға құлықты. Бұл іс жүзінде жеке кәсіпорындардың көп бөлігін банкротқа ұшыратуы ықтимал. Сондықтан да Үкімет осындай жағдайға тап болған әрі қандай да бір өңірдің экономиикасы үшін маңызды деп саналатын кәсіпорындардың пайыздық ставкаларын субсидиялау жөнінде шешім қабылдап отыр. «Нақты бір өңірлер үшін қандай кәсіпорындардың маңызы зор екенін біз жақсы білеміз. Ал қандай да бір кәсіпорынның маңыздылығын жергілікті билік анықтайтын болады», деді Үкімет басшысы. Оның сөзіне қарағанда, өңірлер үшін маңызды кәсіпорындардың бірқатары банктерден алған несиелерінің жылдық ставкасы 20 пайыздан астам қарыздық жүктемені көтере алмауда. Сондықтан да банктік қоғамдастықпен, жеке сектормен келісе отырып, банктер сыйақы ставкасын 12 пайызға дейін төмендетуге келісім беріп отыр. «Осы 12 пайыздың 5 пайызы несиені арзандатуға, яғни пайыздық ставканы субсидиялауға бюджеттен қарыз бөлінеді. Ал кәсіпорындар үшін несиенің тиімді жылдық ставкасы 7 пайыз болады», деді ол. «Енді мынадай сауал туындайды, несиесі субсидияланатын кәсіпорындар шын мәнінде өңірлер үшін маңызды ма, жоқ па? Оларды кім анықтайды? Келешекте тәуекелді кім өз мойына алады? Бұл мәселенің екі құрамдауышы бар. Ставкада несиелеу кезінде тәуекелді өз мойнына банк алды. Банк сол тәуекелден қашпауы тиіс. Екіншіден, жергілікті билік өңір үшін несиесі субсидияланатын кәсіпорын маңызды ма, жоқ әлде маңызды емес пе, соны айтуы керек. Біз үшін қайсы мәселе маңызды: мыңдаған адамдардың жұмыссыз қалып, көшеге шыққаны ма, жоқ әлде кәсіпорындарды сауықтырып, ілгерілеуіне мүмкіндік беру ме. Бұл бағдарламаның мәні осында, деді Премьер-Министр. Осы орайда Үкімет басшысы депутаттардан осы бағдарламаны қолдауды сұрады. Пiкiрлер (0)
|
|