КАЗ
РУС
QAZ
ENG
قازاقشا
10.07.2012  
«Үшарал - Достық» автожолында көлік қатынасы шектелді - көлік және коммуникация министрлігі Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жобаға 5 млн. доллар бөліп отыр Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылады И.Тасмағамбетов: Астана мектептерінде оқушылардың электрондық куәліктері енгізіледі Қазақстан ТМД мен Қытай нарығына жол ашатын қақпаға айналды - Мемлекет басшысы Астанада лаңкестікке байланысты алаңдауға ешбір негіз жоқ - И. Тасмағамбетов Кентаудағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 
10 Наурыз 2010, 09:13
Индустрияландырудағы басты жауапкершілік өңірлерге жүктеліп отыр - Қ. Тоқаев
 АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Әлемді шарпыған дағдарыс біреуге сынақ, біреуге сабақ болды, қайсыбір мемлекеттер жаңа мүмкіндіктерге үміт артуда. Сонымен бірге, бұл дағдарыс кейбір мемлекеттер үшін дамудың жаңа белесіне көтерілудің аралық кезеңіне де айналуы мүмкін. Ал бұдан кейінгі дамуда дағдарыстан туындаған мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, дағдарыстан кейінгі реформа жүргізуде белсенді қам жасаған мемлекеттердің жолы көбірек болатын тәрізді. Қазақстан дағдарыс кезеңінде елді жедел индустрияландыру шарасын қолға алып отыр

. Бұның өзі үлкен реформалық әрекет әрі жалпы болашақ дамудың зор мүмкіндігі. Бағдарлама арқылы Қазақстан елді индустрияландырудың жаңа сатысын қолға ала отырып, жаңа стратегиялық дамуға қадам жасайды. Ең бастысы осы жолғы дамуда негізгі күштер жергілікті жерлерге, өңірлік әкімдіктердің қолына шоғырланатын болады.

 Үдемелі индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасы алдағы бесжылдық үшін Үкіметтік бағдардың негізгі құжаты болып қалатыны анық. Атқарушы билік бағдарлама арқылы бұрынғы «қайраңдап» қалған елу шақты бағдарламаның күшін жойып, оның орнына бүкілөңірлік сипатпен серпінді дамуды қамтитын тың бағдарламаны шығарып отыр. Биылғы бюджеттік нақтылаудың негізгі идеясы да индустриялық дамуды толық қамтамасыз ету тұрғысынан бағаланады. (Үкімет басшысы мен Индустрия және сауда министрі бюджеттік қамту толық болса, бағдарламаны да толық жүзеге асыруға Елбасының алдында сөз берген) Яғни, Үкімет бағдарламаны қабылдады, оның тиімді жүргізілуі үшін бюджеттік қаржыны да соған қарай бағдарлады. Бұл бағыттағы қаржыландыру бойынша ағымдағы жылдың өзінде шамамен 143 млрд. теңге жұмсау жоспарланады. Енді қаржы құйылса, іске кірісеміз деп білек сыбанып отырғандар да баршылық. Сол үшін де бұл бюджетті Парламентте жылдам қарау, сосын шапшаң қабылдау туралы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов өтініш жасаған болатын. Дегенмен де, бағдарламаның тиімді жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін қаржы‑қаражаттан бөлек оның басқару тетігі де маңызды рөл атқармақ. Дәл осы тұрғыдан алғанда ендігі салмақ та өңірлік жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті билікке көбірек түсетіні айқын. Елбасы бұл туралы: «Өңірлік даму реформаларынсыз біз же­дел әртараптандыруға қол жеткізе ал­май­мыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қа­жет» деген болатын.

Осы мақсатта бүгінгі күні республиканың өңірлеріндегі барлық әкімдер аймақтық бағдарламаларын негізгі құжатпен ұштастыруға, жалпымемлекеттік даму жоспарымен үйлестіруге кірісіп отыр. Бұл ретте өңірлік бюджетке ғана емес, олардың даму жоспарларына түзетулер енгізу жүзеге аспақ. Осы жөнінде Үкімет басшысы, қандай да бір өңірдің жалпы дамудан қалып қоймауымен қатар, даму қозғалысына тежегіш болмауы тиістігін ескерткен болатын. «Жалпы, индустрияландырудың тағдыры елордада емес, өңірлерде, жергілікті жерлерде анықталатын болады. Яғни, алдағы уақытта күтіліп отырған өзгерістердің ауыртпалық күші жергілікті жерлерге ауысатын болады», дейді Үкімет басшысы.

Осының өзі өңірлік даму арқылы жалпымемлекеттік дамуға жол ашылатынын байқатады. Сонымен бірге, ағымдағы Елбасы Жолдауының ең өзекті тұсының бірі де осы - өңірлік саясатпен тығыз байланысты. Яғни, елдің экономикалық дамуының деңгейі өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне де тікелей қатысты болмақ. Сондықтан да индустриялық даму бағдарламасының бір салмағы өңірлерге, соған сәйкес барлық деңгейдегі әкімдерге түсетіні айқын. Бұл ретте әкімдіктер «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасына сәйкес шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қайсысы мемлекеттік қолдауға лайық екендігін өздері анықтайтын болады.  Бұдан бөлек, Елбасы өз Жолдауында Үкіметке Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды әкімдіктерге беруді жүктеген болатын. Яғни,  бұдан былай ӘКК ‑ іс жүзінде бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорацияларға айналады. Ендеше, жергілікті әкімдерде өңірлік бизнесті дамыту үшін нақты қаржы құралы болады деген сөз. Әкімдер бағдарлама бойынша қаржыландырылатын шағын және орта бизнес жобалары үшін толық жауапты болады. Ал, бұндай өңірлердегі мемлекеттік саясатты жан‑жақты түсіндіру мен оның тиімді іске асуын қамтамасыз ету оңай шаруа болмайтыны анық. Сондықтан да, Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобы бұл шараға үлкен мән беріп, оны қолдауды жүзеге асыру жолдарына баса назар аудару қажеттігін көтеріп отыр. Өңірлерді дамытуға жәрдемдесу мақсатында өз өкілеттіктерін бірлесіп жүзеге асыру үшін құрылған «Өңір» тобы ендігі күні индустриялық‑инновациялық даму бойынша да белсенді әрекеттер атқаруды қолға алмақ.

Осыған орай, бұндай ауқымды мәселені талқылау үшін «Өңір» депутаттық тобының отырысында атқарылған шараларға талдау жасалып, алдағы әрекеттер жоспарланды.  Депутаттық топтың негізгі қызметі ‑ өңірлерді дамыту, жергілікті өзін‑өзі басқару, жаңа өңірлік саясат саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру және насихаттау шараларын қамтиды. Ендеше, бұдан кейін әлгіндей саясатты одан әрі қарқындатуда «Өңір» тобының белсенділігі де арта түсуі шарт. «Жалпы, депутаттардың жұмысы заңдарды қабылдаумен ғана шектелмейді. Әрбір депутаттың алдында оның депутаттық жауапкершілігі мен өңірлердегі жағдайға тұрақты түрде мониторингтік бақылау жасау міндеті тұр. Мұның біздің ортақ жұмысымыз үшін маңызы ерекше. Жинақталған ақпараттар негізінде өңірлердегі кәсіпкерліктің нақты проблемаларын талдап, тұрақты түрде кездесулер өткізу қажет», деді Парламент Сенатының Төрағасы Қасым‑Жомарт Тоқаев. Яғни, ендігі күні «Өңір» депутаттық тобы индустриялық‑инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жергілікті жерлердегі жеке кәсіпкерлікті дамыту бойынша, өңірлердегі бизнестің қанат жайып, өркендету жолында жан‑жақты қолдаулар көрсету, заңнамалық қамтуды жетілдіру мәселесіне үлкен назар аударатын болады.

«Президент ұсынған Стратегияны іске асыру Қазақстанға елдердің алдыңғы қатарында болуға және келешекте болуы мүмкін сынақтарға төтеп беріп, барша қазақстандықтардың игілігіне қызмет етіп, орнықты экономиканы құруға мүмкіндік береді. Осы Стратегиялық бағытты табысты түрде іске асыру мемлекеттің барлық деңгейдегі органдарының белсене атсалысуы мен барша қазақстандықтардың қолдауын талап етеді. Елбасы атап өткеніндей, бұл ауқымды істен ешкім шет қалмауы тиіс. «Өңір» депутаттық тобы партиямен бірлесіп алға қойылған барлық міндеттердің орындалуын, соның ішінде қаражаттың пайдаланылуына  бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Кәсіпкерлердің және тұтастай алғанда халықтың нақты проблемаларына назар аударып, оны шешудің оңтайлы  жүйесін құруға тікелей атсалысуы қажет»,-деп атап өтті жиын барысында Қ.Тоқаев.

Депутаттық топ отырысында ағымдағы жылғы жұмыс жоспары бекітілді. Былтырғы жылғы атқарылған шаралар бойынша ақпараттар тыңдалып, ҚР Премьер‑Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің депутаттық сауалдар бойынша жалпылама жауабы тыңдалды.



Пiкiрлер (0)
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз::*

Код тізім есебімен енгізіледі

 






© 2012 «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ
«ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.