
|
09 Наурыз 2010, 16:51 «Асыл арна» - халықтың көптен күткен асыл дүниесі» - Мұхамеджан Тазабек ![]() АҚТАУ. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтауға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ақпараттық насихаттық тобы арнайы жұмыс сапарымен келіп кетті. Елбасымыздың Жолдауында айтылған имандылық пен парасаттылықты жас ұрпақтың санасына сіңіріп, асыл дініміз Исламды насихаттау жолындағы сапар барыстары мен телеарнаның қазіргі хал-ахуалы төңірегінде ҚазАқпарат тілшісіне «Асыл арна» ислами- ағартушылық телеарнасының бас директоры Мұхамеджан ТАЗАБЕК сұхбат берген болатын. - Насихаттық топтың құрылу мақсаты және сапар жайлы айтсаңыз? - Негізі қазір мемлекет тарапынан Елбасымыздың Жолдауын халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Жақсылық пен ізгілікті насихаттауда аянбай еңбек етіп жүргендер де бар. «Саясат күнде өзгереді, ал дін - мәңгілік» деп Елбасымыз айтқан болатын. Біздің ата-бабамыздың ұстанып келе жатқаны Ислам діні, бірақ сол дінді қалай дұрыс ұстанамыз, қалай әртүрлі экстремистік бағыттағы топтардың жетегіне еріп кетпейміз, жастарымызды түрлі қиыншылықтардан сақтап, имандылықтың уызына қалай жарытып, дұрыс бағыт береміз деген мақсатта Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының дін істері комитеті танымдық-насихат тобын аттандырған болатын. Осы жолы Ақтауға келіп отырмыз. Маңғыстау табиғаты ерекше шұрайлы жер. Осы жерде енді имандылықтың шуағы мен сәулесі молынан шашылатын болса, әлбетте, Алла Тағала барлық істерімізге береке береді. Сапарымыздың алғашқы күні Ш. Есенов атындағы университеттің акт залында жастармен кездестік. Байқағаным, жастарды алаңдататын нәрсе көп екен. Кейбір жас ұл-қыздар дінге келгісі келеді, бірақ оған әке-шешелері қарсы, кейбір әке-шешелер балам мұсылманшылыққа келіп, исламды түсінсе дейді, бірақ керісінше балалары батыстың мәдениетіне бас ұрып жатыр. Кейбіреулер ата-бабамыздың ардақты жолымен, қазақтың ана тілінің уызымен сусындаса, бірі керісінше басқа бағытқа бұрылып бара жатыр. Осыған алаңдаушылық көп екен. Сондай сұрақтарға мейлінше жауап беруге тырыстық. Бұл өңірде айтулы, ардақты боп өткен тақуалар көп қой. Ол кісілердің басында қазір шырақшылар отыр. Сол шырақшылармен кездестік. Шырақшылардың халықпен қалай жұмыс істеуі керек, халықтың рухани талаптары мен сұрақтарына қалай жауап беруі керек - осындай мәселелер төңірегінде Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдері боп бірлесіп, Ақтаудағы орталық мешітте шырақшылармен кездесу өткіздік. - «Асыл арна» телеарнасының ашылғанына 4 айға жуық уақыт өтсе де, халыққа етене жақын телеарнаға айналған сыңайлы. Қандай жетістіктерге қол жеткізіп, қандай қиындықтарға кезігудесіз? - «Асыл арна» - халықтың көптен күткен арман-мұраты секілді асыл дүние. Себебі кеше ғана Кеңестік кезеңде адамдар ислами телеарна ашпақ түгілі , ислам туралы сөйлеуге, тіпті намаз оқып, құлшылық етуге зар болған уақыт еді. Мемлекетіміздің дұрыс саясатының және дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлінің қолдауымен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының жанынан осы «Асыл арна» телеарнасы ашылды. Бұл телеарнаның негізгі мақсаты - халыққа ислам жайында тағылымдарды тарату, өйткені ислам өте терең, теңіз секілді дүние ғой, барлығын халыққа бір мезгілде үйрете алмаймыз. Дегенмен 70 жылдан кейінгі кезеңде біздің рухани хал-ахуалымыз, хал үстінде жатқан адамның сауыққаны секілді дүние. Күрделі операциядан шыққан адамға бірден ауыр тамақтар бермейді ғой. Бірден оған ауыртпашылық салмайтыны секілді, дінімізді сабырмен көркем түрде, өте нәзіктікпен бермесек, адам баласына жақсы нәрсенің өзін қабылдау оңай емес. Сондықтан «Асыл арнаның» ең бірінші алдында тұрған қиындығы - дінімізді қалай жеткіземіз, қай жерінен бастаймыз, өйткені теледидардың анық маманы болғанымен, дінді білмей жатады, дінді білген адам теледидар жұмысын білмей жатады. Бірінші кезекте осы қиындық кездесті. - Қазіргі таңда телеарна қанша бағдарлама дайындады, жалпы тың бағдарламалар қосу жұмыстары жүріп жатқан болар? - Әлбетте. Қазірдің өзінде 27 түрлі бағдарлама бар. Балаларға арналған «Біз мұсылман баламыз», «Ислам Kids» деген арнайы бағдарламалар және балаларға арналған мұсылманша мультфильмдер бар. Мұсылманшылықтың тарихы, қасиетті орындар жайында да деректі фильмдер бар. Ондай деректі фильмдерді біздің телеарна дубляждап, қазақ тіліне және орыс тіліне аударып беріп отырмыз. Әйелдерге арналған «Шуақты аналар», «Мүмина» деген хабарлармен қоса, «Таным мен тағылым», басқа діндегі адамдардан немесе басқа ұлт өкілдерінен исламды қабылдаған жандар туралы «Нұрланған жүректер» деген танымдық хабарлармыз тұрақты түрде шығып тұрады. Қажылық уақытында біздің телеарнадан арнайы түсіру тобы жасақталып, қажылармен бірге олардың қажылық үкімдерін қалай орындайтындығы жөнінде, Мекке мен Мәдина жайында, зәмзәм суының тарихы мен құрманың қасиеті жайында үлкен тағылымды бағдарламалар жасап қайтты. Алматы, Қызылорда жұрты хабарларымызды көріп отыр. Алла қаласа, спутниктік желіге шығатын болсақ, сәуір айларында Маңғыстау жұртшылығы да тамашалап қалатын болады. - Қазір ел арасында жастардың намаз оқуына қарсы пікірлер де естіліп жатады. «Жастарға қазірден намаз оқудың не қажеті бар» дегендей пікірлерді естіп қаламыз... - Кеңес үкіметі кезеңінде намазды тек қарттар немесе молдалар, діни сауаты бар адамдар ғана оқиды деген түсінік қалыптасты. Абай атамыздың мына өлеңі бәрімізге де таныс шығар. Интернатта оқып жүр, Талай қазақ баласы, Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы, Ойында жоқ бірінің, Шариғатқа шаласы. Яғни, сол кездің өзінде жастардың дінге бет бұрмауына уайым шеккен екен біздің алып тұлғаларымыз. Намаз -Алла Тағаланың алдындағы өте жеңіл жасалатын құлшылық болғандықтан, Алла Тағала мұны ақыл-есі толысқан, балиғат жасына толған кез-келген ұл мен қызға парыз еткен. Яғни ер бала екені білініп, қыз бала екендігі айқындалған кезде, намаз оқуға тиісті болған. Шын мәнісінде біз ойлап жүргендей намаз - өте қиын, тынысты тарылтатын нәрсе емес, керісінше, көкірегімізді кеңейтіп, уақытымызды да, барлық мүмкіншілігімізді де жүйеге салатын жеңіл ғибадат. Себебі Алла Тағала Құрандағы «Бақара» сүресінде «Намаз - ынтасы жоқтарға ауыр келеді» деп айтады. Яғни кімде ынта жоқ болса, оған намаз ауыр секілді боп көрінеді. Ынтасы, ықыласы болатын болса, намаз оңай. Алла Тағала бізге 24 сағат берді. Сол 24 сағаттың көпшілігін теледидар, компьютер алдында қажетсіз сөздер айтумен өткізіп жатады. Ал намаз деген бар болғаны күніне 5 мезгіл. Оның өзінде 5 немесе 10 минуттан ғана. Бір күндік намаздың барлық жиынтығы 45 минут. Онда да белгілі бір сағаттарда оқылады. Бұл ешқандай адамның жасына, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамастан жеңіл боп жіберілген ғибадат боп есептеледі. - «Асыл арнаның» ашылуы өзге дінді насихаттаушыларға бір соққы болған тәрізді... - Біз жаңадан тәуелсіздік алған ел болғанымыздан көп нәрселерде есігіміз ашық қалғаны рас. Сол себепті әр түрлі ұлттар, өзге дінді таратушылар өз жұмыстарын бастап кетті. Оған өзге дінге өткен кейбір қандастарымыздың хал-ахуалы, теледидардан көрсетілетін өзге діндерді, өзге мәдениеттерді насихаттайтын бағдарламалардың көп болуы дәлел. Елбасымыздың өзі жақында жат жұрттарда жасалған теледидар өнімдерінің бізге көптеп кіріп жатқанын, олардың еркін масайрап, өздерінің хабарларын жүргізіп жатқанын сынға алған еді. Елбасы тапсырмасынан кейін сырттан келетін ақпарат ағынына біраз тосқауыл болатын шығар деп үміттенеміз. Өтірік деген нәрсенің арты бір тұтам ғой. Жамандықтың жарнамалары, жамандықтың жасалып жатқан насихаттарының арты ұзаққа бармайды. «Қараңғылық қоюлығының артуы - таңның жақындағанын білдіреді» деген сөз бар. Сол секілді бізге қажетсіз насихаттардың көбеюі де еліміздің оянуына, намысымыздың оянуына себепші болуы тиіс. Қазіргі уақытта «Асыл арна» секілді телеарнаның ашылуының өзі, елге жақсы насихаттардың жетіп жатуы - өтірік пен шындықтың күресінің басталғанын көрсетеді. Шындық деген нәрсе күннің сәулесі секілді. Күннің сәулесі бірден түспеуі мүмкін. Бірақ ол жарығы түссе, бүкіл дүниені жарқыратып жібереді. Сол секілді елге қажетті насихаттар айтылса,бізге қажет емес насихаттар мен жамандықтардың көзі жабылады. Мұның өзі бір сынақ. Біз мына аятқа қатты мән беруіміз керек. «Бір қауым өздігінен өзгермейінше, Алла Тағала оны өзгертпейді». Біз айналамыздағы келеңсіздіктерді жою үшін «Өзім не істеп жатырмын,жақсылықтың артып, жамандықтың азаюына өз басым қандай үлесімді қосудамын» деп әр қазақ ойласа, көптеген игі әрекеттер жасауға тырмысқан болар еді. Елдің мешітке бармағанын сынаймыз, «өзім қаншалықты мешітке барып жатырмын», біреудің қате оқыған намазын сынаймыз, «өзіміз қаншалықты намазды дұрыс оқып жатырмыз» дегендей, әр адам өзінен бастап, отбасынан бастап әрекет жасаса, жақсылықтар көбейер еді. Ата-аналардың көпшілігі мұны түсінбей, «Өзімізде білім жоқ, бізге не дейсің» деп, мешітке итере салады, ал мешіттегілер отбасындағы тәрбиені сынайды. Қазір біреуді кінәлайтын уақыт емес, егер өзіміз кеңес уақытында білім алмаған болсақ, балаларымызға үйретеріміз жоқ болса, бүгін бастайық, әлі де кеш емес. Қанша ата-әжелеріміз бар, 60-70 жастарында құран үйреніп, 80 жасында елге дәріс беріп кеткен. Сондықтан еш нәрсені кеш деуге болмайды, Алланың жақсылығы жамандықты ысырып шығады. - Біздің өңірімізде шариғатта жоқ қате ұстанымдарды ұстанып, халықты надандыққа қарай сүйрейтін топтар бар. Бұл нәрселерді сіздер көрмей, білмей отыр деп айта алмаймыз... - Алла Тағала «Имандарыңа қарай сынаймын» деген тағы бір аятта «Иман келтіргеннен кейін сыналмай қоямын деп ойлайсыңдар ма» деп келеді. Иман болған жерде, туралыққа деген талпыныс болған жерде, шайтан міндетті түрде өз әрекетін жасайды. Сондықтан сіздердің көңілдеріңізге жақпайтын сөздер айтылып, ақиқатқа қайшы сөздер естіп жатсаңыздар да, ондай нәрселермен тікелей күреске шығудың қажеті жоқ. Өзіміздің иманымызды арттырып, Алладан дұға етіп, шариғат дұрыс деп білген істерді көп таратуымыз керек. Ертеректе Ибн Мәлік деген білім иесі болған екен. Сол кісіге келіп шәкірттері: «Ей, имам, біздің қоғамымызда дінге жолдан қосылған нәрселер көбейіп кетті, солармен күресейік пе?» деп сұрағанда, ол кісі: «Жоқ, сендер олармен күреспеңдер, сендер, жақсылықты, сүннетті таратыңдар, олар өзі кетіп қалады» деген екен. Жарық келген кезде қараңғылық кеткені сияқты жақсылықты көп таратсақ, сынақ ретінде жүрген жамандық кетіп, Алланың жеңісі мен жәрдемі келеді екен. Сондықтан бұл Маңғыстау өңіріне ғана тән емес, қазақ елінің қай жерінде болса да, діни хал-ахуал бірқалыпты еместігін көзбен көріп отырмыз. Алайда діни басқарма тарапынан исламды меңгерген мамандар даярланып, білімді жігіттер мешіттерде имам болып, көп жұмыстар атқарып жатыр. Сондықтан біз кейбір жағдайда өткенге топырақ шашқаннан гөрі, болашаққа үмітпен қарауымыз керек. - Тіпті қазір мұсылман жамағатының өзі бірін-бірі сыртынан «анау уахабист», «анау тәкбірші» деп күстаналайды. Мұның бұрыс екендігін біле тұра, әрқайсысы өзін өзі жақтап әлек. Бұл адасушылық емес пе? - Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Менің сахабаларым аспандағы жұлдыз сияқты, менің сахабаларыма қарап, олардың амалдарына қарап амал етсеңіздер, адаспайсыздар» деп айтты. Біз адамзатқа жіберген пайғамбарымыздың сүннетін дұрыс түсініп, дұрыс ғибадат жасасақ, Алла Тағала бізді адастырмайды. Кез-келген ат қойып, айдар тағылған топтан, кез-келген құпия болып жасырын істелген әрекеттерден сақтануымыз керек. Адамның іс-әрекеті дұрыс болса, неге ашық жұмыс жасамасқа? Кейбір адамдар пайғамбарымыздың алғашқы уақытта елінің түсінбестігінен тығылып, мешіттерде уағыз жүргізгенін айтып сылтау қылады. Ол заманда оған рұқсат емес еді ғой. Біздің заманымызда Аллаға шүкір, мешітіміз ашық, медіреселеріміз бар, мемлекет тарапынан дінге қарсылық жоқ. Сондықтан да біз уағыз-насихаттарды ашық тыңдап, ашық жүруге үйренуіміз керек. Сондықтан бір топ жасырын жиын жасап, жасырын жүріп жұмыс істесе, барынша байқап, ақиқатын ажыратуға тырысуымыз керек. Себебі бар мәселе - мұсылманшылықты ұстанып жүргенімізде емес, дұрыс ұстанып, дұрыс жүргенімізде. Беті-жөні жоқ біреулерге сол ағымның атын таңып, оларды күстаналап, кінәлаудан сақтануымыз керек. Себебі аузымыздан шыққан әрбір сөз өзімізге қайта оралады. Қияметте соған жауап береміз. - Кейбір адамдардың пікірінше шариғат пен салт-дәстүр бір-бірімен қабыспайды. Сізше қалай? - Алла Тағала өзінің дінін жіберген кезде кез-келген ұлтқа пайдалы, сол ұлттың жақсылығына болатын нәрсенің ешқайсысына тыйым салмаған. Шын мәнінде салт-дәстүрлердің ұлтқа пайдасы бар болатын болса, Алла Тағала оған рұқсат етеді. Ал ұлтқа немесе адамға зиян болатын болса, Алла Тағала оған тыйым салады. Өмірде кездесетін іс-әрекеттердің арасын ажыратқаннан гөрі білім алып, тереңнен білуге тырыссақ, көп мәселе өзінен өзі шешіліп кетеді. Ислам ата-бабамыз ұстанған әппақ, кіршіксіз бір таза жол. Осы жолды тура ұстануымыз үшін Алла Тағаладан ең әуелі тура жол сұрауымыз керек. Сөйтіп өзіміз Аллаға қарай қадам басқанымыз жөн. «Маған бір қадам жүрсең, мен саған он қадам жүремін» деген Алла Тағала. Аллаға қарай қадам басу деген сөз - кітап оқу, ойлану, мешітке бару, «мен не үшін келдім» деп төңірекке қарап толғану, «дүниеден өткен кезде мені не күтіп тұр» деген сұрақтарға жауап іздеу. «Ақылды адамға иман - парыз, иманды адамға ғибадат- парыз» деген Абай. Кез-келген ақыл адамды иманға алып келуі керек. Ол иман адамды Құдайдың алдындағы құлшылыққа алып келеді. Пiкiрлер (0)
|
|