|
09 Наурыз 2010, 13:33 Алматыда бірнеше тамақ және өңдеуші өнеркәсіптердің халықаралық көрмесі ұйымдастырылады АЛМАТЫ. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда сәуір айының 7-сі мен 9-ы аралығында ХII-ші Қазақстан тамақ және өңдеуші өнеркәсіптердің халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ауыл шаруашылығы, сауда және индустрия, мәдениет және ақпарат министрліктерінің, қала әкімдігінің қолдауымен, Қазақстанның тамақ және өңдеу өнеркәсібі тауарларын өндірушілер одағының ұйымдастыруымен өтетін шараға біздің елмен қоса, Қырғызстан, Ресей, Беларус, Чехия, Испания, Түркия және тағы да басқа елдер қатысып, өз өнімдерін ұсынатын болады. Өткен жылы бұл шараға 70-тен аса фирмалар мен компаниялар атсалысқан болатын. Шара барысында «Қазақстанның азық-түлік нарығы - 2010», «Шарап-2010», «Тәттілер - 2010», «Жабдықтар. Ыдыстар. Орама- 2010» көрмелері ұйымдастырылмақ. Көрме аясында ақпараттық және оқыту семинарлары, тамақ және өңдеу өнеркәсіптері мәселелеріне байланысты «дөңгелек үстел» отырыстары, «Қазақстан тамақ нарығындағы көшбасшылар-2010» атты тамақ өнімдерінің сапасына арналған байқау өтеді. Сонымен қатар тағам дәмділігін сынауға бағытталған байқаулар ұйымдастырылады. Оның нәтижесі бойынша "Қазақстанның тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі" атты арнайы журнал шығады. "Көрменің мақсаты - отандық азық-түлік саласындағы тауар шығарушылардың жетістігін көрсету, іскерлік қарым-қатынас орнату, жаңа технологияларды енгізу бойынша өз еліміздің және шетел компанияларымен тәжірибе алмасу", дейді көрмені ұйымдастырушылар. Пiкiрлер (0)
|
|