КАЗ
РУС
QAZ
ENG
قازاقشا
10.04.2012  
«Үшарал - Достық» автожолында көлік қатынасы шектелді - көлік және коммуникация министрлігі Ғаламдық экологиялық қор Қазақстандағы жобаға 5 млн. доллар бөліп отыр Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылады И.Тасмағамбетов: Астана мектептерінде оқушылардың электрондық куәліктері енгізіледі Қазақстан ТМД мен Қытай нарығына жол ашатын қақпаға айналды - Мемлекет басшысы Астанада лаңкестікке байланысты алаңдауға ешбір негіз жоқ - И. Тасмағамбетов Кентаудағы қазандықтар қалыпты жұмыс істеуде Жаңа заң бірде-бір сайттың жабылуына себеп болған жоқ - депутат М. Әбенов

 
09 Наурыз 2010, 12:48
Қолөнерді жандандыру үшін отандық шикізатты өңдеуді қолға алу керек - «Аk kiiz» жеке кәсіпорнының директоры
 АЛМАТЫ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қолөнерді екінші деңгейлі жұмыс көретін қоғамдық пікірге өзгеріс енгізбей,  ұлттық дәстүрді өркендету қиын. Шеберлердің қолынан шыққан   бұйымдарға кәдесыйлық  зат ретінде  қарауды қойып, оларды халықтың күнделікті тұрмысына енгізу үшін мемлекеттік қолдау керек. «Аk kiiz» жеке кәсіпорнының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Айгүл Жансерікова қазақтың қолөнеріне қатысты осындай пікірде.  

- Отандық қолөнер туындыларының бәсекелестікке қабілеттігін қалай бағалайсыз?

 - Қазір ішкі нарықта жалпы отандық өнімдерге қарағанда көрші елдердің тауарларының үлесі әлі басым. Дағдарысқа қарамастан, отандық өнімдердің бағасы қымбаттамаса, арзандай қоймас. Қолөнер бұйымдарын алсақ, фабрика сияқты конвейерден шықпағандықтан, өнім бағасына шикізат, адам еңбегі, ғимаратты жалға алу, салықтық төлемдер, маркетинг пен жарнама және басқа  да жұмыстарға жұмсалатын қосымша шығындар әсер етеді. Біз соңғы жылдары дамыған елдердің қатарына қосыламыз деп бағаларымызды әлемнің ең алдыңғы қатардағы елдерімен теңестіріп алдық. Ал өндіріс оған ілесе алмауда. Елімізде жалпы шикізат жеткілікті болса да, оны өңдеу мәселесі әлі күрделі жағдайда тұр. Мысалы мал шаруашылығы сонау есте жоқ ескі заманнан бері үзілмей келе жатқан байырғы кәсібіміз болса да, жүн өңдеу өнеркәсібі әлі ақсап келе жатыр.

Жүн жинаудың өзі  өзінше бір мәселе. Ауылды жерлерде жүн жеткілікті, бірақ оны Кеңес үкіметі кезіндегідей қабылдайтын, өңдейтін жер жоқ. Қазіргі  бір-екі өңдеу кәсіпорнының, біріншіден, қуаты шағын, екіншіден, олардың өндірісі тек экспортқа бағытталған. Оған қоса дағдарыс та бұл өндірістердің тұрақты жұмыс істеуіне әсерін тигізіп жатыр. Кейде біз өз  өндірісімізге қажетті жүнді ақшаға да таба алмаймыз. Өндірістің жағдайы шикізат өңдеуден, оның сапасы мен бағасына тікелей байланысты. Ал ауыл тұрғындары өз қолындағы азын-аулақ малының жүнін, терісін қайда өткізерін білмегендіктен, босқа рәсуа болып, тіпті қоқысқа төгіліп жатыр.

Егер  менеджмент пен маркетинг жүйесі дұрыс жолға қойылған болса және оның негізінде қосымша жұмыс орындары ашылса, халықтың қолөнерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашылар еді. Өкінішке қарай, қазір біз өз күшімізге ғана сеніп, саны аз болса да сапалы өнімдеріміздің арқасында нарықтағы өз орнымызды сақтап отырмыз. Бұл қанша уақытқа  созылары белгісіз, өйткені нарықтағы бәсекеге тек отандық өнімдермен қарсы тұру өте қиын. Мәселен бес әйелдің басын қосып,  бір текемет жасау үшін кемінде 1 апта уақыт керек. Оны жасау үшін  20-30 шаршы метр жер қажет. Оны жалға алу бағасы аз дегенде 70-80 мың теңгені құрайды. Қазір Қырғызстанда жүннен киіз полотносын шығаратын арнайы фабрика бар. Оны ерінбеген кез-келген азамат сатып алып, нобайын келтіріп, тігін машинасы арқылы әртүрлі кәдесый бұйымдарын жасап сатып жүр. Ал біз киіз бұйымдарын  басынан аяғына дейін өзіміз басып шығарамыз. Әрине, оңай табысқа кенелу үшін біздің де осы жолмен жүруімізге болады. Онда бұйымдардың сапасы төмендейді. Бұл өз өнерін құрмет тұтатын қолөнершінің намысын қоздыратын жәйт.

Қазір біздің киізден жасалған үйге киетін аяқ киімдерімізді бір киіп рахатын көрген адам қайтадан келіп туыстарына, достарына сыйлыққа сатып алып жатады. Өйткені Қытайда, Қырғызстанда жасалған бұйымдардың киіс беруі нашарлау. Оны киіп көрген адам ғана біледі. Бұл киіз басудың  ерекшеліктеріне де байланысты. Әрбір қолөнер бұйымын кез-келген жүннен жасауға болмайды. Жүннің де көп түрі бар. Басқа адамдарға жүннің бәрі бірдей болып көрінгенмен, оның әрқайсысының қолданылатын өз орны бар. Тек дұрыстап іске жаратудың жолын білу керек. Мысалға, егер үйге киетін аяқ киімді меринос қойдың жүнінен жасаса, ол тез жыртылып қалуы мүмкін. Ал қазақы қойдың жүнінен жасалған аяқ киімдер ұзақ киіс береді. Сондай-ақ асыл мен жасықты ажыратуға қазір халықтың бәрі бірдей дайын деп айта алмаймын. Тек шетелдік қонақтар мен өздері сырт елде болып келген  азаматтарымыз ғана оны сараптай бастады. Бұл жайтты біздің бұйымдарды сататын дүкендер де айтып жүр. Олардың сөзіне қарағанда, соңғы 1-2 жылдың көлемінде бұрын қолөнер заттарын талғаусыз ала беретін шетелдік студенттер қазір  қырғыз ағайындар жасаған арзанқол бұйымды емес, бағасы қымбат болса да отандық өндірушілер жасаған сапалы бұйымдарды ғана сатып ала бастады. Сондықтан біз әділ бәсекелестіктен қорықпаймыз. «Арзанның сорпасы татымайды», «Аузы күйген үріп ішеді» деген халық нақылынан сабақ алғандардың саны бүгінгі таңда күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Бұл бізді қуантады және өз ісімізге  деген  құлшынысымызды бұрынғыдан бетер арттыра түседі.

- Мемлекеттің қолөнерді дамытудағы  атқаратын іс-шаралары қандай болу керек?

- Біріншіден, қолөнер қолдағы бар ресурстарды дұрыс пайдаланып халқымыздың салт-дәстүрін сақтау, насихаттау  өндірушілерге табыс көзі болу деңгейінде қарастырылуы керек. Екіншіден, шикізат өңдеу арқылы ауыл шаруашылығын дамыту да үкімет қолдауымен шешілетін іс. Қолөнердің дамуы патриоттық тәрбиеге де үлкен ықпал етіп,  шетелдік қонақтарымызды халқымыздың салт дәстүрімен, мәдениетімен таныстыруға  өз үлесін қосар еді деп ойлаймын. Қай  мемлекетті алсақ та халық салты мен дәстүрі көбінесе қолөнер шеберлерінің жұмыстарынан байқалады. Қазір еліміздегі балабақшаларда, мектептерде  еңбек сабақтарында дәстүрлі қолөнерге үйрететін мамандар өте аз. Оларды көбейту  үшін жақсы бағдарламалар қабылдап, әдістемелік үлкен  жұмыс жасау қажет. Мемлекет деңгейінде ұлттық дәстүрге деген құрмет жоғары болып, ол халыққа жеткілікті насихатталса, жағдай қазіргіден басқаша болар еді. Біз Алматы облысы бойынша Үштөбе қаласында және  Қарасу, Қойлық, Шелек ауылдарында бірнеше әйелдер топтарын ұйымдастырып, киіз басуды үйреттік. Қарасу ауылындағы Қамар деген апайға қосымша көмек ретінде бір киіз үй сатып әпердік. Ол кісі киіз басуды тез үйреніп алып, қазір аудан, облыс деңгейіндегі барлық көрмелерге қатысып жүр. Қамар апай Алматы облысының әкіміне барып үйренген кәсібін дамытуға көмек сұраған екен. Серік Үмбетов мырза жергілікті билік өкілдеріне Қарасу ауылында Қамар апайға жеке шеберхана салып беру мәселесін қарастыруды тапсырыпты. Осындай шағын өнеркәсіптер көбейсе, отандық бұйымдардың да өзара бәсекесі артып, тәжірибе алмасу арқылы өнім сапасы да көтерілер еді.

 - Сіздердің кәсіпорындарыңыз қай уақыттан бері жұмыс жасап келе жатыр?

 - Біздің кәсіпорынның  ресми түрде ашылғанына биыл 2 жыл толады. Біз  Қазақстанда киіз басуды дамыту  жобасын   4-5 жыл бұрын бастаған болатынбыз. Қазақстанда киіз басатын суретшілер болса да, олар өз өнімдерін жалпы халыққа емес, шығармашылық жұмыс ретінде  даналап қана жасайды. Сол себепті оның бағасы кез-келген адамның қалтасы көтере алмайтындай өте қымбат. Сондықтан кәсіпорын ашып, ұлттық қолөнер бұйымдарын көптеп шығару үшін арнайы жобаны жүзеге асырушылардың бірі болғанымды, қазір сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдей алдым деп  мақтанышпен айта алам. Киізден жасалған бұйымдар қазақ халқының күнделікті өміріне қайтадан енсе, ол тек қана өзіміздің салт-дәстүрімізді сақтап қалуға ғана емес, сонымен қоса халқымыздың отандық экологиялық таза және денсаулыққа пайдалы табиғи материалдан жасалған бұйымдарды пайдалануына да себеп болар еді. Менің негізгі мамандығым - эколог. Киіз басу проблемасына экологиялық көзқараспен келдім. Қолөнер бұйымдары тек қана экологиялық таза бұйымдар емес, бұл өндіріс ауыл тұрғындарының, әсіресе қазіргі дағдарыс жағдайында күнкөріс көзі болуы мүмкін және сондықтан қоршаған ортаны қорғауға да пайдасы зор.

- Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейту бағытындағы жоспарларыңызбен бөлісе аласыз ба?

 - Жұмысты еліміздің патриоты ретінде ең алдымен текеметтерді қайта жаңғыртудан бастадық. Жұмыс күшін және уақыт пен төзімділікті қажет ететін қиын іс болса да діттеген мақсатқа қол жеткіздік деп ойлаймын. Қазір өнім түрін көбейтіп, киізден жасалатын сан үлгідегі төсеніштер мен киім-кешектерді  және кәдесый заттарын да жасап жүрміз. Шет мемлекеттердегі киіз басушылармен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасудың арқасында өнімдеріміздің сапасы ғана емес, дизайны да дамып келе жатыр. Бұйымдарымыз шетелге шығып жатқаннан кейін сапасына ерекше көңіл бөлінеді.  Дипломатиялық өкілдіктермен ынтымақтастық қатынас орнату да біраз жолға қойылған сияқты. Тауардың өзіндік құнын азайту үшін өндіріс көлемін ұлғайтуымыз керек екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен келісімшартқа отырып, үлкен тапсырыстарды қабылдауға әлі жүрексінеміз. Өйткені көп адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшін арнайы ғимаратты жалға алып, оларға жағдай жасап, салығын төлеп отыру үшін  тұрақты маркетинг жүргізіп отыру керек. Бұл үлкен  шығынды қажет етеді. Оған тәуекел жасауға айналым қаржысы шектеулі шағын кәсіпорынның шамасы келмейді.

Бізге қазір өнімнің санын көбейткенен гөрі, бар түрін дамытып,  оны көптеп шығаруды жолға қоюдың маңызы зор. Егер оны жасайтын адам көбейсе, өнімнің  бағасы түсер еді. Өйткені 50 немесе 20 адам отырған цехтың жалға алу бағасы бірдей. Біздің кәсіпорында шеберлердің жалақысы істеген жұмысына қарай төленеді. Менің ойымша мал шаруашылығында да малдың санына қызықпай, сапасын көтеретін кез келді. Мысалы бір келі жүннен көлеміне қарай үйге киетін 3-4 аяқ киім жасауға болады.  Сапасы жоғары болса, олардың әрқайсысын 4-5 мың теңгеге дейін, ал  ауылды жерлерде 1,5-2 мың теңгеге саудалауға болады. Өкінішке қарай қолда бар жүнді жуып, өңдеуден қашып, көбі оны босқа рәсуа етіп жатыр. 

  - Қолөнермен айналысатын  кәсіпорындарды көбейтіп, өзара күш біріктіруге болмай ма?

 - Бұл жұмыс әзірге өте баяу жүріп жатыр. Киіз басуды жаңғырту үшін Австриядан, Германиядан, Швейцариядан арнайы мамандар шақырып әкеліп, бірқатар отандастармызға жаңа технологияларды меңгеруге үлес қостық. Оның ішінде ауылдық жерде тұратын ағайындар да болды. Көршілес Қырғызстанда шағын өңдеу цехтары көп. Жалпы қолөнер жұмысын кез-келген адам істей алмайды. Алайда Алматы қаласындағы шеберханамызда қазір барлық халықаралық стандарттар бойынша сапалы өнім жасай алатын жиырма шақты адам істейді. Ауылды жерлерде де бұл жұмысты ары қарай дамытуға болады. Ол өте көп қаржыны да қажет етпейді. Көбінесе шикізат және ғимарат мәселесі шешілсе, қалғаны аса қиын емес. Өкінішке қарай, ауыл тұрғындарының өзі қолөнерге екінші деңгейлі жұмыс сияқты қарайды. Жасыратыны жоқ, ауылдық жерде тұратын ағайындарымыздың көбі еріншек, кәсіпті толық меңгермей жатып жоғары жалақы талап етеді. Соның бәріне қарамастан, біздің аздаған нәтижелеріміз көп қызығушылық туғызып, тіпті жергілікті үкіметтік ұйымдарының да қолөнерге деген көзқарасын өзгертіп көңілдерін аударған сияқты. Бұл жайт өзімізді де қуантып, келешекке деген сенімімізді одан сайын арттыруда.

-Әңгімеңізге рахмет.


Пiкiрлер (0)
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз::*

Код тізім есебімен енгізіледі

 






© 2012 «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ
«ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.