|
08 Наурыз 2010, 15:40 Сыр өңірінде «Ананы бағалап, баланы аялап» атты акция өткізілді ҚЫЗЫЛОРДА. Наурыздың 7-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ - Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, «Ананы бағалап, баланы аялап» атты қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Оған Қызылорда қаласы мектептеріндегі, «Алтын белгіден» үміткер оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қатысты.Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков өз Отанын, отбасын сүйетін білімді де тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру, олардың білім дәрежесінің жоғары болуына мүмкіндік жасау бүгінгі күннің талабы екенін жеткізді. Ата-ана баланы өмірге әкелуімен қатар оған мәдени-әлеуметтік ортаның құндылығын, ұлылардың, ата-бабалардың ақыл-кеңес тәжірибесін бойына сіңіру, қоршаған ортаға, адамзатқа, өз қоғамына пайдалы етіп тәрбиелеуі парыз саналады. Акция барысында озат оқушыларға алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, «Алтын белгі» иегері атануларына тілектестік білдірілді. Ұстаздар мен ата-аналар да шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізіп, үміткерлерге сәттілік тіледі. Пiкiрлер (0)
|
|