|
05 Наурыз 2010, 12:21 Сенат бюджет үдерісін жетілдіруге бағытталған заңды қабылдады АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құжат Елбасының мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесіне және мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қатысты тапсырмалары бойынша әзірленген. Қолданыстағы Бюджет кодексінде Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің 2009 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін ғана жұмыс істеуі көзделген еді. Осыған байланысты экономиканы тұрақтандыру мақсатында бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдалануына бақылауды күшейту үшін Қаржылық бақылау комитетін оның аумақтық органдарымен бірге сақтап қалу туралы шешім қабылданып отыр. Сонымен қатар, құжат бойынша Бюджет кодексі өткен жылғы маусымда қабылданған мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы ҚР Президентінің жарлығына сәйкестендіріледі. Сондай-ақ құжатта «мемлекеттік қызмет көрсету» және «мемлекеттік қызмет көрсету стандарты» деген ұғымдар нақтыланып, «мемлекеттік қызмет көрсету регламенті» атты жаңа ұғым енгізіледі», деді Заң бойынша баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, заңда жергілікті атқарушы органдардың жергілікті инвестициялық жобаларын жоспарлау және іске асыру сапасына жауапкершілікті арттыратын шаралар қамтылады. Мәселен, осы мақсатта нысаналы даму трансферттерін бөлу тәртібі нақтыланады. Бұдан бөлек, бірқатар түзетулер бюджеттік атқару рәсімдерін жетілдіруге, жоспарлау сапасын жақсартуға, бюджеттік-инвестициялық және консессиялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізуге бағытталады. Парламент Сенаты заңды екі оқылым бойынша талқылап, қабылдады. Пiкiрлер (0)
|
|