|
04 Наурыз 2010, 19:02 Республикалық насихат тобы Оңтүстік Қазақстан тұрғындарына Елбасы Жолдауын түсіндіруде ШЫМКЕНТ. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/- Оңтүстік Қазақстан облысында республикалық ақпараттық-насихат тобы тұрғындарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруде. Оның құрамында Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай бар. Бүгін топ мүшелері облыс активімен кездесіп, Оңтүстік Қазақстан облысында Жолдау міндеттерін орындаудың әдістемесін және тәсілдерін егжей-тегжейлі қарады. Атап айтқанда, оңтүстікке агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге жаңа технологияларды енгізуде зор үміт артылып отыр. Бұдан басқа, биылғы жылы ОҚО-да бірқатар бірегей химия, мақта-мата, құрылыс салаларының өндірістері іске қосылмақ. Бүгін сондай-ақ Ж.Түймебаев пен Д.Мыңбай Оңтүстік Қазақстан студенттерімен кездесті. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің залына облыстағы барлық 10-нан астам жоғары оқу орындарының студенттері жиналды. «Оңтүстік Қазақстанға Мемлекет басшысы білім беру саласында үлкен сенім артып отыр. Өйткені аймақта жастар көп. 2,5 миллион 18 жасқа дейінгі жастардың 515 мыңы осы жерде тұрады, - деді Ж.Түймебаев. - Әрбір бесінші мектеп оқушысы - оңтүстіктен». Министр сондай-ақ Жолдауда білім беру саласының алдына жоғары білікті мамандар дайындауда үлкен міндеттер жүктеліп отырғанын атап көрсетті. Пiкiрлер (0)
|
|