|
02 Наурыз 2010, 14:40 Жол полициясының инспекторлары жүргізуші қыз-келіншектерге жеңілдіктер жасауда АҚТӨБЕ. Наурыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбе облысының жол полициясы инспекторлары көктемгі мереке қарсаңында жүргізуші қыз-келіншектерге жеңілдіктер жасауда. Ақтөбеде наурыздың 8-іне дейін «Рульдегі қыз-келіншектер» акциясы жүреді. Бүгін таңертеңнен жол полициясының емтихан сыныбында теория бойынша тек бойжеткендер емтихан тапсырды. Емтиханның қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған үш қыз-келіншекке жол полициясы басшылығының атынан гүл шоқтары табыс етілді. «Соңғы уақытта облыс жолдарында жүргізуші қыз-келіншектер көбейіп келеді, Оқу курстарында да олардың саны жыл сайын арта түсуде», дейді облыстық жол полициясы басқармасының тіркеу-емтихан қабылдау бөлімі бастығының орынбасары Құрахмет Төкешев. Жол полициясы қызметкерлері акция аясында жүргізуші қыз-келіншектерге жолдарда орын алуы ықтимал күрделі жағдайлар мен олардан шығудың жолдары туралы жадынамалар таратуда. «Бұл шара оларға жолдардағы күтпеген жағдайларға әзір болуға көмектеседі. Кез-келген тығырықтан тез шығу - автокөлікті қауіпсіз басқарудың кепілі», дейді Қ.Төкешев. Пiкiрлер (0)
|
|