қазақша qazaq русский english قازاقشا 中文
Халықаралық ақпараттық агенттiгі
22.07.2014  
Қазіргі ауа райы:
Астана 23°C
Алматы 24°C
Теңгенің бүгінгі бағамы:
USD 183.53 RUB 5.24
EUR 248.30 CNY 29.57
09 Желтоқсан 2009, 10:02
ШАНИН ЖҰМАТ ТҰРҒЫНБАЙҰЛЫ
 Шанин Жұмат Тұрғынбайұлы (1892-1938) - режиссер, драматург, актер, ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам жөне театр қайраткері, Қазақ КСР-інің халық әртісі.

Қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданының Желтау маңында дүниеге келген. Алғашында ауыл молдасынан оқып, хат таныды. Жас кезінен  Ж.Шанин ұлттық ойын-сауықтар мен ән-күйлерге ынтық болып өскен. Әсіресе, Қоянды жөрмеңкесіне барып, халық думанын тамашалау - оның ой-қиялын қозғап, өнерге деген ынта-ықыласын арттырады. Туған нағашысы Алтыбайдан ән салып, домбыра тартуды үйренді. 1913 жылы Омбыға келіп, күнкөріс қамымен біраз уақыт зауытта жұмыс істейді. Мұнда С.Сейфуллинмен, Н.Нұрмақовпен және Б.Серкебаевпен танысады, әрі өз бетінше оқып білімін жетілдіреді. 1915-1916 жылдары есепшілік курста оқып бітіргеннен кейін зауытта есепшінің көмекшісі болып қызмет етеді. Осы жылдары алғаш рет қалалық театр спектакльдерін көреді. Бірақ көп ұзамай-ақ Ж.Шанин майдан жұмысына тартылады. Одан туған ауылына 1917 жылы оралды. Сол жылдан бастап Қарқаралының уездік кооперативінде есепші қызметін атқарды. 1921-1922 жылдары Павлодар уезі комитетінің мүшесі, 1922 жылы Зайсан уездік атқару комитетінің төрағасы, 1923 жылдан Семей губерниясы атқару комитетінің және Қазақ КСР ОАК мүшесі болып, тағы басқада жауапты орындарда қызметтер атқарған.

          Саяси-әлеуметтік және қоғамдық істерге белсене қатысу Ж.Шаниннің ой-өрісін кеңейтіп, кейінгі режиссерлік, әрі жазушылық қызметіне игі ықпал жасады. 20-жылдары Семейде «Ес-аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осы труппадан бастаған Ж.Шанин халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен С.Сейфулиннің «Қызыл сұңқарларын» қойды. Сонымен қатар өзі осы аталмыш спектакльдерде Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін орындады. Бір бөлімді «Торсықбай» комедиясы 1925 жылы Семейдің «Таң» журналында жарияланды. 1925 жылы ашылған Қазақ драма театрының директоры болумен қатар оның көркемдік жағын басқарған.

         Ж.Шанин Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастырып, сондай-ақ профессионалдық тұрғыда қалыптастырып, шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірді. Алғашқы шығармашылық-ұйымдастырушылық қызметінен бастап Ж.Шанин актерлер мәдениетін көтеруге, театр жүмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік, һәм идеялық-көркемдік сапасы жоғары драмалық шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді. Бұл мәселелер «Қазақтың мемлекеттік театры», «Мемлекет театрының әртістері» (1927), «Қазақстан мемлекеттік театры» (1928), «Театр тарихынан» (1931), «Сахна техникасын меңгерейік», «Сахнада шындықты тану» (1935) атты әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларында жан-жақты қамтылды.

          1926-1932 жылдары қазақ драма театрында ұлттық драматургиядан С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын», С.Аблановтың «Күндеспейтін қатындар» мен «1910 жылын», Ж.Шаниннің «Болатын», І.Жансүгіровтің «Кегі» мен «Түрксібін», Б.Майлиннің «Майданын», М.Әуезовтің «Октябрь үшін» және классикалық туындылардан А.Пушкиннің «Тас мейманы» мен «Сараң серісін», У.Шекспирдің «Гамлетін», сонымен бірге өзі жазған «Торсықбай», «Арқалық батыр»(екі кешке арналған 2 бөлімді), «Айдарбек», «Баян батыр», «Өлімнен үмітке» («Шахта») тағы басқа шығармаларды қойған. Ұлттық төл туындыларды қоюда ән-күйлер мен тұрмыс-салттық, этнографиялық бояуды мол қолданды. Драмалық шығармадағы белгілі бір дәуір тынысы мен оқиға орнын, оған қатысатын кейіпкерлердің мінез табиғатын айқындап ашуда пайдаланатын әр түрлі сахналық реквизитке (зат-бұйымдарға), декорация мен костюмге ерекше ден қойды. 1927 жылы бір топ өнер шеберлерін бастап, Мәскеуде өткен этнографиялық концертке қатысқан. 1932-1933 жылдары Қырғыз драма театрының бас режиссері болды. 1934 жылы ашылған музыкалық театрды (қазіргі Қазақтың опера және балет театры) Ұйымдастыруға қатысып, Қ.Жандарбековпен бірге Е.Г.Брусиловскийдің «Жалбыр», «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынын» қойды. Осы музыкалық спектакльдер Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі кезінде жоғары бағаланды. 1936 жылға дейін осы театрдың көркемдік жағын басқарған Ж.Шанин алғашқы музыкалық театр өнерінің қалыптасып дамуына да мол үлес қосты. 1930-1937 жылдары Орал музыкалық драма театрын ұйымдастырумен бірге оған басшылық жасаған. Ол бірқатар пьесалар («Жанды сурет», «Қара құлын», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Үш бажа») жазып, ұлттық драматургияны дамытуда жемісті еңбек етті.

          Ж.Шанин қаламынан туған күрделі «Арқалық батыр» мен «Шахта» пьесасы 30 жылдары жаңа ұйымдаса бастаған көптеген қазақ театрларының (Семей драма театры, Қарағанды драма театры, Шымкент драма театры, Жамбыл драма театры) репертуарынан орын алды. Ж.Шанин халық би өнеріне де көңіл аударып, «Киіз басу», «Қоян-бүркіт», «Өрмек», «Шашу» тағы басқа секілді билерді музыкалық спектакльдерде пайдаланды. А.Затаевич, Д.Ковалев пен Л.Хамиди, Ж.Шаниннің орындауында бірқатар халық әндерін жазып алды. Өз тұсынан да ән-күйлерді нотаға түсірді. Ж.Шанин шығармашылығын М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ғ.Мүсірепов, тағы басқалар жоғары бағалаған. 1972 жылы Шымкент драма театрына Ж.Шаниннің есімі берілді.

 Дерек көзі:

 «Тарихи тұлғалар» кітабы

Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз
Нравится
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз:*

Код тізім есебімен енгізіледі

Көп оқылғандары

Пікір білдірілген мақалалар




© 2014 «ҚазАқпарат»
Яндекс.Метрика
Система Orphus
«ҚазАқпарат» ХАА материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.