Беларус 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайды - А. Лукашенко
МИНСК. Қарашаның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Беларус Президенті Александр Лукашенко 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамасын қолдайды. Ол бұл пікірін бүгін Минскіде Беларус Республикасына ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген шағын құрамдағы кездесуінде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде Н. Назарбаевты Қазақстанның алда ЕҚЫҰ-ға төрағалығымен құттықтаған А. Лукашенко: «Беларус Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын әрқашан қолдады және төрағалық аясындағы бастамаларына қолдау білдіретін болады. Біз 2010 жылы Астанада жоғары деңгейдегі ЕҚЫҰ-ның саммиттін өткізу туралы Қазақстанның ұсынысын қолдаймыз», деді.
Оның айтуынша, Қазақстан басшысының Беларусқа осы сапарының маңызы зор. Оған екі елдің үкіметтері тыңғылықты дайындалды, сарапшылар деңгейінде жақсы жұмыстар жасалды. Беларус пен Қазақстан бірлесіп жүзеге асыратын ондаған жобалар аясында қыруар жұмыстар атқырылуы тиіс.
Сонымен қатар А. Лукашенко Беларус пен Қазақстан арасында тәуелсіздік жылдары ішінде өте жақсы қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті. Ол осы 15 жылдың ішінде басқа мемлекеттің басшыларына қарағанда Қазақстан Президентінен көп нәрсе үйренгенін айтып, тиімді кеңестерімен және бай саяси тәжірибесімен өзіне көмектескені үшін Н. Назарбаевқа зор алғысын білдірді.
Оның айтуынша, сапар аясындағы келіссөздер күрделі болмайды. Себебі барлық мәселелер пысықталған. Келіссөздер барысында стратегиялық сипаттағы шешімдер қабылданатын болады.
Орталық кеңсе: 010000, Астана қаласы Бейбітшілік көшесі, 10 ТЕЛ: +8(7172) 327-567 E-MAIL:product@inform.kz
Барлық құқықтар қорғалған «ҚазАқпарат»ҰК ААҚ, 2010 www.inform.kz «ҚазАқпарат» ҰК ААҚ-ының материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.