қазақша qazaq русский english قازاقشا 中文
Халықаралық ақпараттық агенттiгі
23.04.2014  
Қазіргі ауа райы:
Астана 11°C
Алматы 12°C
Теңгенің бүгінгі бағамы:
USD 182.02 RUB 5.10
EUR 251.30 CNY 29.18
30 Маусым 2009, 16:24
Қожа Ахмет Ясауи
Қожа Ахмет Ясауи (1093-1166) - қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, діни қайраткер.

Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Ясауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен  дәстүрді жалғастырды. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген. Ж.Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Ясауиды 125 жас жасаған дейді.

Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы - «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Өкінішке орай туындының түпнұсқасы біздің заманымызға жетпеген. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалары өте көп. Олардың көбі Ыстамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Бұл шығарма алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайыра басылды. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармада ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұхара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, түркі тілдерінің көркем шығармалар тудыру мүмкіндігінің мол екендігін дәлелдеді. Оның жазба әдебиет үлгісіндегі шығармалары түркі топырағында ертеден қалыптасқан суырыпсалмалық дәстүрдегі әдебиетке жаңа серпін, тың мазмұн алып келумен қатар, оны түр жағынан көркейтіп, кемелдендіре түсті. Фольклор мен жазба әдебиеттің өзара жақындасуының, толысып, көркеюінің дәнекері бола отырып, Шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи аңыздар мен пайғамбарлар, әулие-әнбиелер жөніндегі әпсаналарды хикметтерінде ұтымды пайдаланды. 

Оның жолын ұстанған шәкірттері мен сопылықты уағыздаушылар түркістандық ғұламаны күллі әлемге танытты. Қожа Ахмет Яссауи түркі халықтарның жаңа исламдық өркениеттегі халықтық ағымының арнасын анықтап берді. Ол жаңа діни идеологияны тәңірлік шамандықпен, зорастризммен біріктіре отырып, қоғамдық-әлеуметтік санаға сіңіруде көп еңбек етті. 

«Диуани Хикметтен» қазақ халқының ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында атақты Ақсақ Темір күмбез орнаттырды. Бұл жайында жергілікті халықта мынадай аңыз бар: «Қожа Ахмет Ясауи мазарын тұрғыза бастағанда қара дауыл қабырғаларын ұшырып әкетеді. Осыдан кейін Ақсақ Темірдің түсіне Қызыр еніп, ең алдымен Ахметтің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір Қызырдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысына кіріскен екен».

Қожа Ахмет Ясауиге тәу етушілер алдымен Арыстанбабтың басына барып түнейді. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Мазарда отызға жуық мешіт, кітапхана, залдар бар.

Дерек көзі:

А.Сейдімбеков, «Елтұтқа» кітабы

«Тарихи тұлғалар» кітабы

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 6 том

Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз
Нравится
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
Аты:
Кодты енгізіңіз:*

Код тізім есебімен енгізіледі

Көп оқылғандары

Пікір білдірілген мақалалар




© 2014 «ҚазАқпарат»
Яндекс.Метрика
> Система Orphus
«ҚазАқпарат» ХАА материалдарын компания басшылығының жазбаша рұқсатынсыз пайдалануға тыйым салынады.